Таразда нан бағасы облыс әкімдігінің араласуымен қайта арзандады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Өткен демалыс күндері Тараз қаласындағы дүкендерде нан бағасы 5-10 теңгеге өскендігі байқалған болатын. Бұл шешім жергілікті билікпен келісілмеген күйі қабылданған. Жедел штаб қазір жағдайды жан-жақты зерделеу үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімдігі тарапынан шұғыл шара қабылданғанның арқасында дүйсенбі күні ірі сауда орындарында ас атасы бұрынғыдай 85 теңгеден сатыла бастады. Тек аулалардағы шағын дүкендердің кейбірінде нан 5-10 теңгеге қымбатырақ босатылып жатыр.

Тараз қаласында негізгі 6 наубайхана бар. Олардың бесеуі бағаны өсіру туралы шешімге келген көрінеді. Нанның қымбаттауын олар солтүстік өңірлерден келетін ұн құнының артуымен түсіндіріп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев тұрғындарды сабырға шақырып, жағдайдың реттелетінін жеткізді.

«Мониторинг кезінде бірқатар нан өндірушілер нан бағасын 85-тен 95 теңгеге дейін өсіргені анықталды. Қазір жедел штаб бұның қаншалықты қисынды екенін анықтау мақсатында тексеріс жүргізуде. Жергілікті билікпен ақылдаспай әрекет еткен кәсіпкерлер жауапқа тартылады», - деді ол.

Тиісті мониторинг жұмыстары монополияға қарсы және салық органдарымен бірлесе жүргізілуде.

«Нан бағасы бірнеше факторға байланысты. Бірақ ең негізгісі – ұнның бағасына келіп тіреледі. Ал, қазір ұнның құны 115 теңгеден 130-140 теңгеге дейін өсіп кеткен», - деп атап өтті Берік Нығмашев.

Аймақ басшысының орынбасары қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерделеу үшін барлық шаралар қолданылатынына сендірді.

«Естеріңізде болар, өткен жылы осы уақытта нан бағасы өскен болатын. Сондықтан да биыл нан бағасын ұстап тұруға бағытталған алдын алу шаралары қабылданып, наубайханаларға ұн наурыз айынан қазанға дейін тұрақтандыру қорынан төмен бағамен берілген. Қазір тұрақтандыру қорында 500 тонна ұн бар. Қосымша тағы 2 000 тонна алынады. Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, оның ішінде нанның бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды. Біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қолданатын боламыз. Қажетті ресурстарымыз жеткілікті. «Тараз» ӘКК ұн сатып алып, нан өндірушілерге төмендетілген бағамен ұсынбақ»,- дейді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, «Тараз» ӘКК әлеуметтік дүкендерінде ас атасы 55 теңгеден сатылуда.


Соңғы жаңалықтар