Таразда Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған кеш өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Тараз қаласында «Баласағұн» орталық концерт залында белгілі композитор, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай «Шәмші - ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кету керек, кеш барысында карантиндік талаптар, маска режимі, шахматттық отыру реттігі және әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталды. Залдың тек 30 пайызға ғана толуы негізге алынды.

Туған кезде оған Жәмшид есімі берілген, бірақ жақындары Шәмші деп атап кеткен. Ал халық оны қазақ вальсінің патшасы деп атады.

Оның әндері өзінің әуезділігімен барша тыңдармандарын баурап алды. Ел ішінде оның әндерін білмейтін адам кемде-кем.

«Ұлы маэстро туралы естеліктер оның әрбір өлмес туындыларымен бірге өмір сүреді. Оның әндерін кәрі де, жас та сүйіп тыңдайды. Оларды тыңдай отырып, біздің жанымыз ерекше күй кешеді. Композитордан қалған рухани мұралар халқымыз үшін ерекше құнды десек артық айьпағандық. Біз оның еңбектерін одан әрі насихаттай беруіміз керек. Келер жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы Халықаралық байқау өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жағымды жаңалықты бөлісіп.

Жүргізушілер жиналғандарға мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Концертте композитордың «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Ана туралы жыр», «Мойынқұмда», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең», «Дүнген қызы», «Тамды аруы», «Ақ бантик», «Теріскей», «Сыған серенадасы» сияқты қазақстандықтардың сүйіп тыңдайтын әндері шырқалды.

Сахнада елімізде эстрада жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Досымжан Таңатаров, Бағдат Сәмединова, Саят Медеуов, Кенжебек Жанәбілов және К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері өнер көрсетті.

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы« музыкалық драмасының үзіндісін ұсынды.

Концерттің қорытынды нөмірі дәстүр бойынша «Менің Қазақстаным» әнімен түйінделді.

«Ағам бала кезінен музыкаға жақын болды. Оның әндерін бірнеше буын ұрпақ шын ынтызарлықпен шырқауда. Біздің халқымыз оның әндерін ықыласпен тыңдап, шырқап жатса, ағамның есімі ешқашан өшпек емес. Бүгінгі концертті ұйымдастырғандарға, барлық қатысушыларға алғыс айтқым келеді», - дейді композитордың әпкесі Райхан Қалдаяқова.

Сондай-ақ, концерт залының фойесінде келушілер үшін қолөнершілердің кітаптары мен бұйымдарының көрмесі әзірленді.


Соңғы жаңалықтар