Таразда тоқсан пәтерлі 9 қабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының 80 жылдық меройтойына орай бір топ тараздықтар көптен күткен қоныс тойың тойлады.

Шаһардағы Қ.Сәтпаев көшесінде құрылысы жүріп жатқан «Нұрлы таң» кешенінің 9 қабатты 90 пәтерлі тұрғын үйі пайдалануға берілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш көпқабатты тұрғын үй құрылысын «Тараз құрылыс дизайн» компаниясы құрылыс жұмыстарын бір жыл ішінде аяқтаған. Пәтер кілттерін салтанатты табыстау рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы қатысты.

«Бүгін қаламыздың 44 отбасы жаңа үйдегі өз пәтерлерінің табалдырығын аттап отыр. Тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет саясатының негізі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын назарға ала отырып, жыл басынан бері өңірімізде 10 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жаңа жылға дейін облыс орталығының жаңа 15-ші шағын ауданында тағы төрт бірдей арендалық және үш несиелік үй пайдалануға беріледі. Аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмайды. Олар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Оның шеңберінде кезекте тұрғандарға 146 пәтердің кілті берілді. Сондай-ақ, «Арай» және «Қарасу» алқаптарында 360 пәтерлік сегіз жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Өздеріңіз көріп отырғанымыздай, тұрғын үй мәселесі уақытылы және сапалы шешіліп келеді, – деді Бекболат Орынбеков.

Ерекше үлгідегі тоғыз қабатты монолитті үйлер Тараз мемлекеттік университетінің «Гидро» кешенімен көршілес орналасқан. Салтанатты түрде кілт табыстау рәсімінде құрылысы аяқталған екі тоғыз қабатты үйге тұрғындар қоныстанды. Ал үшінші көп қабатты үйдің құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жаңа пәтер иелерінің өздері айтып өткендей, үйлер қаланың экологиялық таза ауданында орналасқан. Сондай-ақ қауіпсіздік тұрғысынан, тұрғын үй кешенінің айналасы толықтай қоршалған. Бұл әсіресе көпбалалы отбасылар үшін өте қолайлы. Сонымен қатар аулада тұрғындардың ыңғайлылығы үшін ойын алаңдары, демалуға арналған жасыл желекті аумақтар бар. Тұрғын үй кешенінің маңында орта мектеп пен «Дарын» мектебі орналасқан. Жаңа нысанның аумағына 150 орындық балабақша салу жоспарланып отыр.

«Кешен құрылысы кезінде энергия үнемдейтін технологиялар қолданылды, ғимараттар сейсмикалық төзімді және барлық стандарттарға сәйкес келеді. Айта кету керек, біз қауіпсіздікті ғана емес жайлылықты да ескердік. Мысалы екі үй де Fuji SL жапондық маркалы шусыз лифтілерімен жабдықталған. Қазіргі уақытта мұндай ұсақ-түйектер сатып алушылар үшін маңызды. Тұрғындар үшін жеке көлік тұрағы, денсаулық орталығы, сауда орталықтары, футбол алаңы бар, – деді «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС басшысы Ғазизбек Бекбердиев.

Соңғы жаңалықтар