Таразда тұрмыстық техника шығаратын зауыт салынады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда алғаш рет тұрмыстық техникалар шығаратын зауыт салу жобасы қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының ғимаратында жаңа жобаның таныстырылымы өтті. Жобамен Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Жұманқұлов таныстырды. Оның айтуынша, алдағы уақытта салынатын зауыт газ плиталарын, тоңазытқыштар, кондиционерлер тағы да басқа тұрмыстық заттар шығарумен айналыспақ.

Бүгінде отандық өндірісті қолдау үшін барлық жағдай жасалуда. Енді тек зауыт салынатын орынды анықтап алу керек. Ол үшін Тараз қаласы аумағынан жаңа зауыт салуға 7 гектар жер телімі қарастырылуда.

Аталған жобаның жүзеге асырылуын және іске қосылуын Әлия Көмекбаева басшылық ететін «Alima DELUX» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып отыр. Ол зауыт іске қосылғаннан кейін онда жылына 100 мың дана тұрмыстық техника шығарылмақ.

Кәсіпорынды салуға Түркиядан инвестор тартылуда. Сонымен бірге «Kazakhinvest» ҰҚ» акционерлік қоғамы да зауытты салуға қолұшын бермек. Жоба жүзеге асқан жағдайда 500 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Серіктестік зауыт құрылысын биыл қолға алып, келер жылы тауар өндіре бастауға ниетті.


Соңғы жаңалықтар