Тараздағы жәрмеңкеде өнімдер нарықтағыдан 10-15 пайыз арзан бағаға сатылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өтті. Онда облыстың бірқатар аудандары шаруаларының өнімдері сатылды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтсақ, «Grand Passage» сауда кешенінің алаңында Сарысу мен Меркі, ал коммуналдық базарда Қордай, Талас аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының 90 тоннадан астам өнімдері ұсынылды.

Жәрмеңке барысында сатылымға шығарылған жалпы құны 113,7 млн. теңгені құрайтын тауарлардың ішінде 5,7 тонна ет, 0,5 тонна шұжық өнімдері, 1,3 тонна сүт өнімдері, 3 мың дана жұмыртқа, 0,4 тонна кондитерлік өнімдер мен 0,5 тонна макарон өнімдері, 0,2 тонна тұз, 1,3 тонна балық, 10 тонна қант, 3 тонна ұн, 1,2 тонна бал және 62,8 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.

Жәрмеңкеге арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев сөрелерді аралап көріп, тауарлардың сапасы мен қойылған бағалардың тұрақтылығын бақылады.

Айта кету керек, бұл жолғы жәрмеңкеде тұрақтандыру қорының сөреге қойылған тауарларына сұраныс жоғары болып, тұтынушылар тіпті сағаттап кезекке тұрды.

Жалпы шара барысында тауарлар нарықтағыдан 10-15 пайызға арзан бағаға сатылды. Атап айтсақ, ондағы бір келі қанттың бағасы — 190 теңге, өсімдік майының литрі – 420 теңге, күріш – 240 теңге, сүт – 160 теңге, жұмыртқа — 23 теңге және бөлке нан – 55 теңгеден өткерілді. Сондай-ақ, картоптың келісі – 90 теңге, пияз – 55 теңгеден саудаланды.

Соңғы жаңалықтар