Тарихи ескерткіштерді қорғау - өткен өмірге деген көзқарасты білдіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, сәуірдің 18-і Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні.

Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.

2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Атаулы күннің басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару. Осы орайда «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» мемлекеттік кәсіпорынының «Тарихи ескерткіштерді қорғау» ғылыми-зерттеу бөлімінің бас инспекторы Қуаныш Шохаевты сөзге тартқан едік.

«Отырар өңірі де тарихи және мәдени ескерткіштер сырын бүгіп жатқан аймақтың бірі. Бұл ауданда бүгіндері 202, яғни, оның 3 республикалық, 70 жергілікті дәрежедегі, 70 алдын-ала есепке алу тізімінде тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Елбасының бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалары еліміздегі тарихи-мәдени мұралар мен киелі жерлерді жан-жақты зерделеуде үлкен бетбұрыс болды. Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік...білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді...жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді» деп ұлттық құндылықтарымызға қамқорлық жасап, туған өлке тарихын біліп өсу, сөйтіп бүгінгіні өткен тарихпен сабақтастыру туған жерге деген сүйіспеншіліктің түп-тамыры болып табылатындығы жайлы айтқан болатын. Бағдарлама аясында Отырар ауданында тарих және мәдениет ескерткіштері мен киелі жерлерді зерттеу, сақтау және насихаттау ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді», - дейді Қ.Шохаев.

Оның айтуынша, бүгінде қазақ халқының орта ғасырлық ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өнерінің кең тараған өлкесі Отырар даласының тарихи жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап, насихаттап келе жатқан республикада алғаш құрылған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі. Музейдің негізгі міндеті ауданымыздағы археологиялық тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғап-сақталуын қадағалап отырады.

«Жалпы, тарихи-мәдени ескерткіштердің Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері, әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Сол ескерткіштер арқылы өткенімізді зерттеп, тарихқа терең үңіле аламыз. Тарихи ескерткіштерді ғылыми негізде терең әрі дәйекті зерттеу, зерделеу сол арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, сол өткен тұлғалардан үлгі - өнеге беру қазіргі қазақ мемлекетінің алдында тұрған бірден бір маңызды мәселелерінің бірі болып табылады», - дейді ол.

Тарихшының сөзіне қарағанда, Отырар өңірінде республикалық дәрежеде үш ескерткіш бар. Бірінші, аты әлемге мәшһүр болған ортағасырлық Отырар. Екінші, ғұлама ғалым Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің дүниеге келген қаласы Оқсыз қалажұрты және Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстанбаб кесенесі. Бұл ескерткіштер қазіргі таңда мемлекеттің басты назарында.


Өңірдегі ескерткіштердің көп шоғырланған жерлері Қоғам, Қарғалы және Талапты ауылдық округтерінде. Отырар музейінің «Тарихи ескерткіштерді қорғау» ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері әр жылдың жаздық маусымында ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында барлау және бақылау жұмыстарын жүргізіп, жаңадан табылған археологиялық ескерткіштерді есепке алып, оларды жоюдан, бүлдіруден қорғау мақсатында ауылдық мектеп оқушылары мен тұрғындар арасында іс-шаралар өткізіп отырады. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім» деп жазған екен.

«Ескерткіштерді қираудан, бүлінуден сақтау өткен көне замандарда да өткір мәселенің бірі болып отырған. Ежелгі грек елінің жылнамашысы Полибий: «Болашақтағы жаулап алушылар, өздері бағындырған қалаларды қиратпауды, өз елдерін басқа халықтардың қайғысы мен көз жасымен байытуды үйренбейді деп сенгім келеді» деген екен. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез-келген елдің, халықтың тарихын, мәдениетінің күйреуіне, жоюына алып келеді. Бұл тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі, өткенімізден сыр шертіп, бүгінгі күнге дейін сақталып жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ. Тарихи ескерткіштерді көркейте отырып, көне ескерткіштері туристік жерлерге айналдырып, отандық және шетелдік туристерге жағдай жасап, ескерткіштердің ел экономикасының көтерілуіне себебін тигізуіне мүмкіндік туғызуымыз керек. Бұл қазақ елін, жерін, тарихын бүкіл әлемге паш ете отырып, экономиканың көтерілуіне де өз үлесін қосады және Қазақстанның шетелдермен байланысын нығайта түседі», дейді Қуаныш Шохаев.

Әңгіме барысында тарихшы Отырар өңірінің тарихи ескерткіштеріне жеке тоқталмай, тек адамзаттың қолымен бүлінуге түскен, бастапқы қалпын жоғалта бастаған бірқатар ескерткішке сипаттама берген еді.

Оның айтуынша, зиратқа айналған ескерткіштер қатарында: Жалпақ төбе, Сазан төбе, Жарты төбе, Ескі мола төбе, Жар әулие, Оқсыз, Қауған ата, Қаракөншек, Төлеңгіт, Тоғай төбе, Шөл төбе, Шытты төбелер бар. Бұл төбелер мемлекет тарапынан көңіл бөлінбей тұрған ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезінде мәйіт қойылып, мазаратқа айналдырылған. Қазіргі таңда жоғарыда аталған ескерткіштердің көпшілігіне адам мүрдесін қою тоқтатылып, әкімшілік тарапынан зиратқа арнап бос жерлер берілген. «Өткенге ой жіберіп, зерделемей, бүгінгіні тану мүмкін емес. Қай ескерткіш болмасын оның мәдени мұра болып қалатынын естен шығармайық, оларды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ескерткіштерді сақтау біздің өткен өмірге деген көзқарасымызды, оның алдындағы жауапкершілікті білдіреді. Мұражайдағы жинақталған дүние – оның жаны саналады. Әр жәдігер адамға желпініс, әсер береді. Сондай-ақ, ол өз дәуірінің мәдениеті, өз дәуірінің белгісі, ұрпаққа қалған аманат. Ескерткіштер осымен құнды, ескерткіштерді қорғап, сақтау, ата-бабаларымыздың қалдырған мұраларын қастерлеп ұстау келер ұрпаққа жүктер міндет болмақ», - дейді Қуаныш Шохаев.


Соңғы жаңалықтар