«Тас Маймылды» қазақша сөйлеткен Бәтима Қызданаева - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Тас Маймылды» қазақша сөйлеткен дыбыс актері Бәтима Қызданаева - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайлық kazakcnr.com сайтында Қытай елінде өмір сүрген қандасымыз, белгілі актер Бәтима Қызданаеваның өмірбаяны мен шығармашылық жетістіктері туралы мақала жарық көрді.

Аталған дереккөздің жазуынша, Қытайдағы қандастарымыздың арасынан шыққан білікті ұстаз, композитор, үздік дыбыс актері Бәтима Қызданаева 1936-шы жылы Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданында туған. 1952-1955-ші жылдары Үрімжі ән-би ансамблінде, 1955- 1965-ші жылдары Іле Қазақ автономия облысының ән-би ансамблінде жұмыс істеген. Ал, 1965- 1980-ші жылдары Іле педагогика университетінің Өнер факультетінің оқытушысы, 1980- 1991-ші жылдары осы оқу орнының кітапханасында жұмыс істеп, зейнетке шыққан.

(Бәтима Қызданаеваның телеарнаға берген сұхбатындағы Сүн Укүңді қазақша қайталай дыбыстап берген сәті)

Ол Іле Қазақ автономия облысының ән-би ансамблінде жұмыс істеген уақытында театр саханасында «Сырлы той», «Қос күрең», «Анархан» қатарлы ұйғыр, қазақ тіліндегі қойылымдарда басты рөлдерді сомдаған. Сондай-ақ, 1953 жылы түсірілген Қытайдағы тұңғыш қазақ фильмі «Қасен-Жәмила» мен 1963-ші жылы түсірілген «Тянь-Шань қызыл гүлі» киносында рөл сомдап, дыбыс актері болуымен бірге, фильмге арқау ән жазып, туындының сәтті шығуына жан-жақтылы атсалысқан. Осыдан кейін «Хаюанаттар хандығындағы ұрлық делосы» телефильмдегі панда аюды және қосымша кейіпкерлерді қазақша сәтті дыбыстайды.

Ал, өнердің сан қырын меңгерген Бәтима Қызданаеваның ел есінде қалған тағы бір еңбегі, Қытайдың танымалы 4 тарихи шығармасының бірі «Батысқа сапар» романының желісімен түсірілген телефильмдегі басты кейпкер Сұн Укүңді (Тас Маймыл) қазақша дыбыстауы. Бұл көп сериалды телефильмді Қытай тілінен белгілі ақын, аудармашы Дутан Сәкейұлы қазақшаға аударған. Ал осы мифтік романдағы Сұн Укүңдей мың құбылып, 72 айласымен жауын жеңетін, ерекше күрделі образдың болмысын ашып, қазақша сөйлетіп, дыбыстау Бәтима Қызданаева секілді талантты актердің ғана қолынан келген.

Қытай жазушысы У Шынынның «Батысқа сапар» романы - дүниенің түкпір-түкпіріне кеңінен таралған ең үздік мифтік роман. Туынды алғаш рет 1967 жылы Гонконкта киноға таспаланғаннан, қазірге дейін 10-нан астам қайталай киноға түсірілген.

Әсіресе, 1986-шы жылы көрермендермен жүздескен «Батысқа сапар» телефильмі, Қытай еліндегі 80-90-жылдардағы ересектер мен балалар қатар отырып, қызыға тамашалған фильмдердің бірі болған. Тіптен, 90-шы жылдары «Батысқа сапар» телефильмінің қазақша нұсқасын Қазақстанның Қытаймен шекаралас аудандарының халқы мен Моңғолия қазақтары да көрген. Өйткені, біраз жұрттың «Тас Маймылды» бізде көргенбіз» деп айтып жүргеніне куә болдық.

Ал Бәтима Қызданаеваның композиторлық қырын алып қарасақ та бір белеске көтерілген өнер жолын көреміз. Апамыз алғашқы әнін 1958 жылы Қасым Аманжоловтың «Орамал» атты өлеңіне әуен жазудан бастаған. Оның «Тянь-Шань қызыл гүлі» киносындағы «Жайлау әнін» және «Ахау Іле», «Ұялшағым» секілді көптеген әндері бар. Сонымен бірге мектеп оқушыларына арнап музыка пәнінен оқулықтар жазған.

Қытайдың Шанхай секілді үлкен қаласынан оқып, үйреніп, өзінің дара талантымен, қажырлы ізденісімен осындай көл-көсір білім жинап, оны халқының рухани қазынасына үлес етіп қосқан, сан қырлы өнер иесі Бәтима Қызданаева 2013-шы жылы 5-ші қарашада 77 жасында өмірден өткен.

Ыстанбұлда «Абай үйі» ашылды - TRT

29 қазан күні «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, ҚР Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен онлайн-форматта Ыстанбұл қаласында «Абай» мәдени-іскерлік үйін салтанатты түрде ашты, - деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, іс-шараға ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Батырхан Құрмансейітов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев, Стамбул қаласы Зейтінбұрын ауданының әкімі Омар Арысой, ҚР Ыстанбұлдағы Бас Консулы Әлім Байел, «Отандастар қоры» КЕАҚ Президентінің кеңесшісі Қалыбек Қобландин, «Қазақ-түрік білім беру және зерттеулер» қауымдастығының президенті Ертолқын Гайретуллах, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, Түркиядағы қазақ қауымының өкілдері және т. б. қатысты.

Аталмыш іс-шара аясында «Абай» мәдени-іскерлік үйінің тұсауы кесіліп, Түркиядағы қазақ қоғамдастығының мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

«Отандастар қоры» шетелде «Абай» мәдени-іскерлік үйінің желісін ашу жұмысын жалғастыруда. Бұған дейін «Абай» мәдени-іскерлік үйлері Омбы (Ресей) және Ташкент (Өзбекстан) қалаларында ашылған еді. 2020 жылдың соңына дейін Бішкек қаласында (Қырғызстан), Берлин қаласында (Германия) тағы екі «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылуы жоспарланып отыр.

Иранның Ұлттық кітапханасында Абайға тағзым ету рәсімі өтті - «Фарс» ақпарат агенттігі

Сейсенбі, 27 –ші қазанда Теһранда Қазақстанның Ирандағы елшісі Асхат Оразбай бастаған қазақ дипломаттар делегациясы Иранның Ұлттық кітапханасындағы Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абайға тағзым ету рәсімі барысында қазақ делегациясы Иранның Ұлттық кітапханасының басшысы Ашраф Бруджерди ханыммен кездесіп, осы кітапханадағы Қазақстан бұрышына жаңа кітаптар табыстаған.

Асхат Оразбай: «Биыл Қазақстан екі ірі тұлға – әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлап жатыр. Ел ішінде және шетелдерде арнайы ғылыми-мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Алайда жаһанды жайлаған індет көптеген шаралардың орындалуына кедергі жасады. Мысалы, әл-Фарабиді ұлықтауға арналған ғылыми-мәдени керуен Қазақстаннан Сирияға аттанып, жолда Иранның қалаларын басып өтуі тиіс болатын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жоспар жүзеге аспады. Жуырда әл-Фарабиге қатысты ғылыми-саяси вебинар өткіздік.

Абай өз халқының сауатты болуын, білімді болуын, жан-жақты дамуын қалаған. Бүгінгі шараны өткізудегі мақсаттарымыздың бірі – шетел жұртшылығына Абай мен оның туындыларын көбірек таныстыру және оның ойларының маңыздылығын тереңірек түсіндіру»,-деді.

Ашраф Бруджерди: «Қазақтың ұлы ақынын ардақтап, ескерткішіне гүл шоғын қоюға келгендеріңізді құп көремін. Мұндай шаралар екі елдің мәдени байланыстарын нығайтуға көмектеседі деп санаймын. Өздеріңіз білетіндей, әдебиетші ғалымдар, ақындар мен жазушылар әр ұлттың рухани мұрасын сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Мысалы, ақын рухани мұраны өз өлеңдері арқылы келешек ұрпаққа жеткізеді. Барлық ұлттар ақындарды өздерінің көрнекті тұлғаларының қатарына жатқызады. Ұлттық кітапхана – Иран халқының жады мен мәдени мұрасын сақтайтын жер. Ол басқа халықтардың да мұрасын сақтайтын орталық бола алады. Сіздердің бұл қадамдарыңыз – ізгі бастама. Біз өзара байланысты парсы және қазақ ақындарының ой-пікірлерінің тамырларын тану жолында дамыта аламыз. Абайдың ой-пікірі қазақ халқына қатты әсер еткенін білемін. Ұлы ақынды басқа халықтарға да танытып, оның ұлағатты ойларын келесі ұрпаққа жеткізуге талпынуымыз керек», -деді.

Айта кету керек, 2007 жылы Қазақстан республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға ресми сапары кезінде осы елдің Ұлттық кітапханасында Абайға ескерткіш қойылып, ашылу рәсімі өткен-ді.

Қазан қаласында «Өзбек киносының күндері» өтеді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

2020 жылдың 4-6 желтоқсаны аралығында Татарстанның Қазан қаласында «Өзбек киносының күндері» өтеді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Атаулы іс-шара барысында «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің тапсырысы бойынша таспаланған «101», «Сумбул» және «Парвоз» көркем фильмдері көрерменге жол тартпақ. «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің хабарлауынша, «өзбек киносының күндерінің» алғашқы премьерасында көрсетілетін «Сумбул» фильмі Өзбекстан мен Татарстан режиссерлері Рашид Маликов пен Рамиль Фазлиев түсірген. «101» көркем фильмі (режиссері Хамидулла Гасанов) Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 101 өзбек жауынгерінің қаһармандық және қайғылы тағдырын баяндаса, «Парвоз» фильмі (режиссері Ильхом Мухаммедибрахимов) жас жігіт пен қыздың адал махаббаты, айналасындағы қорлық пен сатқындыққа айналған достық туралы сыр шертпек», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.



Соңғы жаңалықтар