Ташкентте Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің өзара іс-қимыл перспективасы талқыланды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкент қаласында «Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланысы: алғышарттар, перспективалар, геостратегиялық маңызы» тақырыбына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің қолдауымен ұйымдастырылған жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Асқар Шәкіров Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын арттыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, вице-спикер Орталық Азия өңірінің айтарлықтай әлеуетіне ерекше назар аударды. Қазіргі таңда 75 млн-нан астам адамды қамтитын өңірдің жылдық жалпы жиынтық өнімі шамамен 300 млрд АҚШ доллар. Ал, сыртқы сауда айналымы 145 млрд доллардан асады.

Одан бөлек, «Бір белдеу және бір жол», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты ауқымды жобалар аясында қалыптасқан Еуразияның орталығындағы көлік интеграциясына баса мән берілді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 6 тамызда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде осы мәселеге тоқталған еді. Қазақстан Президенті сол кездесуде Орталық Азияда көлік коммуникацияларын дамыту аймақ елдерінің жалпы ішкі өнімін 15 пайызға өсіруге мүмкіндік туғызатынын айтып, оны аса зор резерв деп атады.

Сондай-ақ, вице-спикер өңірлік қауіпсіздік проблематикасына, атап айтқанда, Ауғанстандағы қазіргі жағдайға назар аударып, бұл мәселеде оң жағынан танылған келіссөз алаңдарын белсенді пайдалануға шақырды.

«Инклюзивті мемлекет идеясының өзектілігі жойылған жоқ. Мәселе әскери жолмен шешілмейді. Сондықтан қарсы тараптар келіссөздер жүргізу үшін бір үстелдің басына отыруы керек», – деді Асқар Шәкіров.

Сонымен қатар конференция барысында өңіраралық өзара іс-қимылды тұрақты дамыту мәселелері сөз болды. Ол үшін өңір елдерінің саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын арттыру, осы бағыттағы тиімді тетіктерді әзірлеудің маңызы зор екені айтылды.

Жиынға қатысушылар денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселелерін де талқылады. Бұл бағытта болашақта биологиялық қауіптердің алдын алуға және қауіпті аурулар туралы мәліметтер алмасуға ықпал ететін Халықаралық биологиялық қауіпсіздік жөніндегі агенттік құру туралы Қазақстанның бастамасы атап өтілді.


Соңғы жаңалықтар