Тәуелсіз Қазақстан қандай жетістіктерге жетті - Елбасы музейінен фоторепортаж

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан 23 жыл бұрын ел астанасын ауыстыру туралы маңызды шешім қабылданды және елдің басты әкімшілік, әлеуметтік және мәдени нысандары орталыққа көшірілді. Қазіргі уақытта туристерді зәулім ғимараттар мен бірегей нысандар, алып сауда орталықтары және алуан түрлі музейлер ерекше қызықтырады. Астана күніне орай ҚазАқпарат тілшілері Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметі арқылы тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан жетістіктерімен танысу үшін Тұңғыш Президент музейіне барды.

Музей ғимаратты Окан Кологлудың жобасы бойынша Түркияның «Сембол» компаниясы тұрғызған. Оның дизайны ақ тас пен мөлдір әйнекке басымдық беріп, сәулетшілердің ерекше тәсілін бейнелейді және заманауи сәулеттің сұлулығы мен жаңа технологиялық шешімдерді біріктіреді. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 40 мың шаршы метр. Бірінші қабатта музей экспозициялары, оқу залы, екінші қабатта – іс-шара өткізуге арналған көпфункционалды зал, ал үшінші қабатта – оқыту аудиториялары мен әкімшілік кеңселер орналасқан.

Музей кіреберісінде Н. Назарбаевтың «Әлем. 21 ғасыр» манифесін көруге болады. Манифест жаһандық қауіпсіздік саласындағы Қазақстанның бейбіт ұстанымдарын көрсетеді және БҰҰ Бас ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты болып саналады.

Музей залдарында Тұңғыш Президенттің өмірі мен қызметі арқылы Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты кезеңдері бейнеленген. Сондықтан экспозицияларға кіріспе «Елбасына апарар жол» бейнесаяхатынан басталады. Бұл видеода Мәңгілік Ел идеясының мән-маңызын түсінуге болады.

«Халықтың өмірі оның әрбір келесі ұрпағы арқылы жалғасады. Сондықтан халықтың мәңгілік өмірі жөніндегі арманнан асқан биік арман жоқ. Мәңгілік ел – ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенім көрініс тапқан идея, мызғымас тұрақтылықтың символы», - дейді Н. Назарбаев.

Видеодан кейін көрермендер «Мәңгілік ел» идеясындағы қоладан жасалған мүсіндік композицияларды тамашалай алады. Ортада Елбасы бейнесі, оның артында – Қазақстанның көпұлтты халқы бейнеленген барельеф тұр. Сол жақта – Отан қорғаушы батыр мен қазіргі әскери қызметші, ал оң жағында – ана мен әкенің мүсіні тұр.

«Тұлғаның қалыптасуы» атты бірінші залда қазақстандық суретшілердің Елбасының ата-анасы Әбіш пен Әлжан Назарбаевтар бейнеленген туындылары ұсынылды. «Алатау баурайындағы балалық шақ» картинасында кішкентай Нұрсұлтанның балалық шақтағы әсерлері тұтас символдық образға біріккен.

Залда классикалық экспозициялық шешімдер мен заманауи технологиялар көмегімен Елбасының балалық кезімен, мектеп жылдарымен, еңбек жолы мен саяси қызметі кезеңдерімен танысуға болады.

Мұнда алғашқы екі витрина ұрпақтар сабақтастығы тақырыбына арналған. Онда 1729 жылы жоңғар ноянына қарсы жекпе-жекте жеңіске жеткен Бөлек батырдың дулығасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеті атасы жазылған «Шежіре» композициясы және қазақ халқының бай дәстүрі мен мәдениетін көрсететін басқа да жәдігерлер қойылған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келді. Ол 1948 жылы Д. Фурманов атындағы Шамалған орта мектебіне барған. 1956 жылы үздік үлгерімі мен белсенді қоғамдық жұмысы үшін БЛКЖО құрамына қабылданды. Витринаға октябрші, пионер, комсомол белгілері қойылған. Ал 1958 жылы болашақ президент Абай атындағы Қаскелеңдегі қазақ орта мектебін күміс белгімен бітірді. Сонымен бірге, музейде Нұрсұлтан Назарбаевтың комсомол билеті, «Ерен еңбегі үшін. Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл» мерейтойлық медалі тұр.

Н. Назарбаевтың көпшілдігінің айғағы ретінде 1957 жылы ҚХР-дың Сычуан провинциясы Цзыгун қаласындағы орта мектеп мұғалімі Чжоу Бай Сяодан (Чжоу Бочуань) келген хатты айтуға болады. Онда мұғалім хат жазысып, дос іздейтіндігін айтады. Қаскелең орта мектебінің 250 оқушысы арасынан бұл ұсынысты Нұрсұлтан Назарбаев қабыл алып, қытайлық жас мұғаліммен бірнеше хат алмасты. Бұл хаттар аудандық «Коммунизм үшін» газетінде 1958 жылы 16 наурызда жарық көрген.

Елбасы жастайынан қазақ классикасын сүйіп оқыған. Ол Абай мұрасын, Шоқан Уәлихановтың күнделіктері мен зерттеулерін, Мұхтар Әуезовтың әдеби шығармашылығын құштарлықпен зерттейтін. Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» кітабы оған үлкен әсер қалдырып, кейін металлург кәсібін игеруге шабыттандырды. 1956 жылы Қарағанды металлургия зауытын салу туралы шешім қабылданды. Ал 1958 жылы сәуірде Қазақстандық магнитка Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланды. Н. Назарбаев бұл бастамаға үлес қосуға бел буды және әйгілі Днепр металлургия зауыты жанындағы №8 техникалық училищеге жіберілді.

1962 жылы Н. Назарбаев Қарағанды политехникалық институтының Теміртаудағы филиалына «Қара металдар металлургиясы» мамандығына түсіп, өндірістен қол үзбей білім алады. Оның өмірбаянындағы маңызды кезең Теміртау қаласымен тікелей байланысты. «Магнитка тарихы, Теміртау тарихы, оның тұрғындарының тағдыры менің тағдырыммен тығыз байланысты. Өмірімде Магнитка мен Теміртау болмағанда мен ешқашан Президент болмас едім», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Музейде Теміртау қаласының құрметті азаматы лентасын көруге болады.

Жалпы 1962 жыл Н. Назарбаев үшін маңызды оқиғаларға толы болды. 1962 жылы ол БЛКЖО ОК мүшелігіне үміткер болып сайланды. Сол съезде қазақстандық делегация құрамында әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринмен кездесті. Сол жылы кеңестік делегация құрамында Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен 8-ші Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне қатысты. Фестивальдағы белсенділігі үшін мақтау қағазы және төсбелгімен марапатталды.

1965 жылы институттағы металлургия факультеті жабылып, Қарметкомбинат жанынан ашылған ЖТОО-на берілуіне байланысты сол жерге ауысып, өз мамандығы бойынша кешкі бөлімде оқуын жалғастырады. Оқуымен қатар зауыттың домна цехының диспетчері қызметіне кіріседі. 1966 жылы зауыттың домна цехінің газшысы, ал кейін – аға газшысы болып жұмыс істейді. 1969 жыл Н. Назарбаев үшін шешуші жыл болды: ол партия және комсомол жұмыстарына белсенді араласып, қарапайым жұмысшыдан кәсіби басқарушылар қатарына өтті.

Ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қалалық партия комитетінің өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Одан кейін Теміртау қалалық ЛКЖО комитетінің бірінші хатшысы болды. 1973 жылы Н. Назарбаев Қарағанды металлургия комбинатының партия комитетінің хатшысы болып сайланып, іс жүзінде республиканың партия элитасының құрамына кірді. 1977 жылы наурызда Н. Назарбаев Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, ал желтоқсанда – екінші хатшы болып сайланды.

1979 жылы желтоқсанда ол Қазақстан компратиясы Орталық комитетінің өнеркәсіп, көлік және байланыс жөніндегі хатшысы болып, республиканың бірінші басшыларының қатарына енді. Өндірістегі жоғары көрсеткіштері мен ерен еңбегі үшін 1972 және 1980 жылы жоғары мемлекеттік наградалар – «Құрмет белгісі» мен «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталды. 1984 жылы 22 наурызда Н. Назарбаев Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалды, осылайша одақтас республикалар арасындағы ең жас премьер-министр болды. 1989 жылы 22 маусымда Қазақ КСР ОК 15-ші пленумында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды.

Музейді құру кезінде ел тарихындағы маңызды кезең – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да ұмыт қалмады. Нұрсұлтан Назарбаев «Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды ақтау туралы» Жарлыққа қол қойып, сол оқиға құрбандары туралы тарихи ақиқатты қалпына келтірді. 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі сессиясында Н. Назарбаев ел тарихында алғаш рет Қазақ КСР-нің президенті болып сайланды. Бұл кезең Қазақ КСР-інде Президент лауазымының енгізілуімен ерекшеленеді. Ал 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады.

Зал концепциясын 1991 жылғы маңызды тарихи оқиғалар легі аяқтайды. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында алғашқы бүкілхалықтық президент сайлауы өтті. Музейде Н. Назарбаевтың сайлауалды науқанының архивтік құжаттары ұсынылған. Бұл сайлауда дауыс берушілердің 98,8% Н. Назарбаевтың кандидатурасына дауыс берген.

Президент инаугурациясы 1991 жылы 10 желтоқсанда өтті. Көрмеде президенттің анты, кәулігі және айырықша үлгідегі – «Алтын қыран» белгісі ұсынылып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттің ең жоғарғы лауазымды тұлғасының белгісі – ҚР Тұңғыш Президентінің төсбелгісі қойылған. 1991 жылы 16 желтоқсанда «ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды. Бұл бөлімде тәуелсіздік күніне байланысты құттықтау жеделхаттарын көруге болады.

Екінші зал «Президент жолы» деп аталады және мұнда жаңа мемлекеттілікті қалыптастыру жолындағы маңызды оқиғалар көрініс тапқан. Залға кіре бергенде тәуелсіздік нышандары – елтаңба, ту және әнұран мәтіні көзге түседі.

Мемлекеттік рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Сонымен бірге, мемлекет дамуының іргетасы болып саналатын Конституцияға арнайы орын бөлінген. ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен 1991 жылы Конституция жобасын дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Қазақстанның бірінші Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Ата заңға сәйкес еліміздің аумағы біртұтас және оның тұтастығына қол сұғуға жол берілмейді.

Сондай-ақ, бұл залда Қазақстанның Қарулы күштерінің тарихын қысқаша шолуға болады. 1992 жылы 7 мамырда Президент Жарлығымен ҚР Қарулы Күштері құрылды, Президент оның бас қолбасшысы атанды. ҚР Қарулы Күштері ата-бабалардың ерлігі мен жауынгерлік дәстүрлерін лайықты жалғастырушы болды. Оның көрінісі ретінде 1992 жылдан бастап БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ұлттық символы ретінде танылған «Алтын адамның» реконструкциясын айтауға болады. ҚР Қарулы күштері әскери басқару органдарынан, тылдан және қарулы күштердің үш түрінен: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштеріне тұрады. Бұл бөлімде «Оңтүстік» өңірлік қолбасышылығынан сыйға берілген Т-72 танкінің макеті, «Батыс» өңірлік қолбасшылығынан берілген негізгі тралшы – әскери кеменің, Су-25 ұшағының макеті ұсынылған.

Мемлекеттіліктің негізін нығайтудағы маңызды фактор, экономикалық тәуелсіздіктің нышаны – теңге туралы да өте қызықты экспозиция қойылған. Зал ортасына теңгенің үлкен макеті қойылған, оның айналасында еліміздің басты көрікті орындары бейнеленген. Әлем елдерінің банкноттарында әдетте табиғаттың көрікті жерлерін, сәулеттік құрылыстарды немесе портреттерді бейнелейді. Алғашқы банкноттардың алдыңғы бетіне Қазақстанның мәдени, рухани және саяси дамуына елеулі үлес қосқан тарихи тұлғаларын бейнелеу ұйғарылды. Артқы бетінде еліміздің табиғи және сәулет ескерткіштері бейнеленген. Қосымша вируалды шынайылық арқылы келушілер ресми ақпарат алып қана қоймай, банкноттарда бейнеленген символдарды көре алады.

Сондай-ақ залда қазақстандық дамудың бірегей моделі – еліміздің көпвекторлы саясатының географиясы көрсетілген. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемнің 183 елімен дипломатиялық қатынас орнатты, 54 халықаралық, 8 аймақтық ұйымға мүше және көптеген интеграциялық процестердің бастамашысы болды.

Егемендіктің алғашқы қиын-қыстау тұсында астананы ауыстыру маңызды стратегиялық қадам болды. Жаңа елорданың қалыптасу тарихы «Стратег жолы» залында баяндалады. Бұл зал туралы ҚазАқпарат тілшілері 6 шілде – Елорда күніне бөлек материал әзірлейді.

«Жаһандық көшбасшы жолы» залында Елбасының шетел басшыларымен кездесулерінен сыр шертетін фотогалерея орналасқан. Жер шарының макетінде Н. Назарбаевтың ядролық қарусыздану мен ғаламдық қауіпсіздік мәселелері туралы сөйлеген сөздері ұсынылған.

Мысалы 1992 жылғы 5 қазандағы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Н. Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құруды ұсынған еді.

Ал жаһандық бейбітшілікке қол жеткізу туралы идеялары «Әлем. 21 ғасыр» манифесінде көрініс тапты. Манифест арқылы Елбасы әлем мемлекеттерінің басшыларын ядролық қауіпсіздікті нығайтуға шақырып, адамзатты соғыстан құтқаруға үндеді.

Ядролық қарусыздану мен бейбіт бастамалары үшін Елбасы көптеген мемлекеттік және қоғамдық наградалармен марапатталды. Солардың ішінде Ұлыбританияның Әулие Михаил және Әулие Георгий ордені бар. «Шығыс-Батыс» институтының Бейбітшілік және превентивті дипломатия сыйлығы – АҚШ-тағы ең беделді марапаттардың бірі және түрлі елдердің саясат және мемлекет қайраткерлеріне мемлекеттік басқару және қауіпсіз әлем құру саласындағы ерекше жетістіктері үшін беріледі. Сондай-ақ, Елбасы «Хиросима қаласының құрметті азаматы» атанған.

«Даңқ галереясында» Тұңғыш Президентке сыйланған дипломатиялық сый-сияпаттар, суық қару-жарақ коллекциясының бір бөлігі және 50-ден астам қоғамдық және жоғарғы мемлекеттік наградалар бар.

Олардың арасында камин сағаттары, графин, сәндік ваза, тостаған, қабырғаларға арналған паннолар мен басқа да әдемі суреттер ілінген.

Зал көрмесіндегі Абылай хан семсерінің бір бөлігі де – орны бөлек тарихи жәдігер. 1758 жылы наурызда Ресей патшайымының өкімімен Сыртқы істер коллегиясы Орта жүз сұлтаны Абылайға ескі орыс және шағатай тілдерінде жазуы бар арнайы семсер сыйлады. Онда: «Құдайдың рақымымен, Елизавета I, Ресей императрицасы және самодержицасы, бұл семсерді өзінің боданы қырғыз-қайсақ Абылай сұлтанға арнап Санкт-Петербургке адал қызметі үшін берді. 1758 жыл». Абылайдың немересі Шыңғыс сұлтан Петербургте өткен ІІІ ориенталистредің халықаралық конгресі көрмесіне қазақ қолөнерінің бірегей этнографиялық заттарын беріп жіберді. Оның арасында Абылай хан мен Уәли сұлтанның да жеке заттары, соның ішінде Елизавета І сыйлаған семсер де бар еді. Семсер бөлігін көне жәдігер ретінде 2004 жылы белгілі қазақстандық тарихшы, профессор Ермұхан Бекмахановтың қызы Наиля Ермұханқызы Н. Назарбаевқа табыстады.

Сонымен қатар залда қару-жарақтың бір бөлігі ұсынылған. Қару-жарақ коллекциясы әлем елдерінің материалдық мәдениетінің алуан түрлілігі мен байлығын көрсетеді. Көрмеде ұсынылған үлгілер ұлттық қарудың ерекшеліктерін, оларды жасау тәсілдері мен өндірілген орнын сипаттайды, әлемге әйгілі қару-жарақ мектептерінің шеберлігімен таныстырады. Экспозицияда соғыс айбалталарының аналогиясымен қазіргі заманғы қазақстандық қолөнершілер жасаған кәдесыйлық нұсқалар ұсынылған. Айбалталар күміс пластиналар мен жартылай бағалы тастардан жасалған. Діни жазулар оның иегеріне қорғаныш қызметін атқарған.

Келесі зал – «Дананың дара жолы» Елбасы жүзеге асырған басты саяси, экономикалық реформалар туралы баяндайды. Ұсынылған экспонаттар – «Қазақстан-2030» бағдарламасының негізгі стратегиялық бағыттарын көрсетеді.

Н.Назарбаев ғылым мен білімге арнайы көңіл бөлу – заман талабы екенін жете түсінді. Тәуелсіз мемлекет жастары арасынан халықаралық стандарттарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақсатымен «Болашақ» президенттік стипендиясын» тағайындады. 1993 жылы Елбасының бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы туралы жарлыққа қол қойылды.

Ал Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың мысалында табыс, бәсекеге қабілет, прагматизм және білімге табыну идеяларын ілгерілету үшін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынды. Жоба басталғалы бері 5000-нан астам адам қатысып, жұртшылыққа өз тарихын айтып берді. Әрбір қатысушы – Қазақстанның дамуына өз үлесін қосқан бірегей тұлға.

Бұл залда кітапхана қорынан ұсынылған Елбасының 30-дан астам шет тіліне аударылған еңбектері де бар. Бұл еңбектер отандастарымызбен қатар шетелдік оқырмандарды да қызықтырады. Елбасы кітапханасы қорында мемлекет басшылары, қоғамдық және саяси қайраткерлердің қолжазбалары бар кәдесыйлық кітаптар да ерекше орын алады.

Сондай-ақ, «Қазақстан мақтанышы» залында келушілер спортшылардың даңқты сәттеріндегі, мемлекеттік әнұран шырқалып, көк байрағымыз желбірегендегі ерекше мақтаныш пен патриотизм сезіміне бөлене алады. Мұнда олар құрмет тұғырында шығып, естелік суретке түсіп, фотосуретті электрондық поштаға жіберуге болады.

Спортпен қатар Қазақстан әлемдік мәдени кеңістікте өзінің лайықты орнын алды. Залдағы тағы бір фотозонада киіз үйдің интерьері жасалып, қазақтың ұлттық аспаптары – қобыз, домбыра және жетіген макеттері қойылған. Мұнда киіз үйдің қайталанбас атмосферасын сезініп, ұлттық аспаптарда ойнау мүмкіндігі беріледі. Өйткені, музыка мен ән қазақ халқының өміріндегі кез келген оқиғалар, діни және тұрмыстық рәсімдер кезінде қолданылды, халықтың тарихы да домбыраның үнімен ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды.

Ақпараттық бөлімдерде қазақтың ұлы композиторлары, музыканттары, жазушылары, суретшілері, сәулетшілері мен ғалымдары туралы ақпарат ұсынылған. Мұнда көрнекті орындаушылар: Әміре Қашаубаев, Күләш Бәйсейітова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Ермек Серкебаев, Димаш Құдайберген және басқа да әншілердің даусын естуге болады.

Экскурсия соңында қонақтар пікірлер-лебіздерін электронды пікірлер кітабында қалдыра алады. Осылайша аз уақытта Тұңғыш Президент өмірі арқылы егеменді, тәуелсіз Қазақстанның жолын тамашалап шығуға болады.


Соңғы жаңалықтар