«Тәуелсіздік: Сөз бен сурет» онлайн байқауы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде тұңғыш рет өткізіп жатқан «Тәуелсіздік: Сөз бен сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық онлайн байқау жарияланды.

Байқаудың жүлде қоры - 7 600 000 теңге.

Бұл жобаның негізі мақсаты – еліміздегі суретшілер мен ақындардың шығармаларын насихаттау, олардың туындысы арқылы Қарағанды облысының тарихи тұлғаларын, мәдени ескерткіштерін, сакралды орындарын, табиғатын, Тәуелсіздік кезеңінде өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімін асқақтату, поэзия мен сурет өнерінің үндестігін бағалау әрі бағамдау, оқырман қауымның модерндік ортасын қалыптастыру.

Байқаудың ерекшелігі – өнер сайысына қатысушы ақындар мен суретшілердің жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды, яғни кез келген жастағы шығармашылық тұлға қатыса алады.

Онлайн байқау қазақ және орыс тілінде өтеді. Байқауға республиканың барлық облыстары пен мегаполистеріндегі суретшілер мен ақындар шығармаларын «Мәдениет порталына» онлайн түрде өз қолымен тіркей алады. Ол үшін үміткерлер «Мәдениет порталына» тіркеліп, бұрын еш жерде жарияланбаған, конкурсқа ұсынылған шығармалары мен жеке мәліметтерін порталда көрсетілген «Шығарманы қосу» батырмасы арқылы орналастыруы керек. Сонымен қатар онлайн байқаудың басқа да шарттарын ережеден оқуға болады.

Жеңімпаз ақындардың өлеңдері қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, суретшілердің картиналарынан арнайы альбом дайындалады. Жеңімпаздардың шығармаларынан құралған аталмыш альбом ағылшын және орыс тілді мемлекеттердің ұлттық кітапханаларына жолданады. Мұнымен қоса альбом арнайы түсірілген бейнероликтерге сілтеме берілген QR кодпен жарық көрмек.

Онлайн байқау 2 кезеңмен өтеді: Бірінші кезең – суретшілер үшін; 2-кезең –ақындар үшін. Байқаудың суретшілерге арналған 1-кезеңі 20 сәуір мен 20 маусым аралығында өтеді. Жеңімпаз 8 суретші анықталып, үздік 8 картина жарияланады. 26 маусым мен 26 шілде аралығында өтетін байқаудың ақындарға арналған 2-кезеңінде үздік 8 суреттің біреуін таңдап, сол сурет туралы 1 поэзиялық шығармасын (өлеңін) жолдау арқылы қатыса алады.

Жеңімпаздардың жүлделері төмендегідей табыс етіледі:

Екі Бас жүлде /ақын мен суретшінің әрқайсысына/ тең бөлінеді – 2 000 000 тг

Екі І орын /ақын мен суретшінің әрқайсысына/ тең бөлінеді – 1 600 000 тг

Төрт ІІ орын /ақын мен суретшінің әрқайсысына/ тең бөлінеді – 2 000 000 тг

Алты ІІІ орын /ақын мен суретшінің әрқайсысына/ тең бөлінеді – 1 800 000 тг

Екі ынталандыру сыйлығы /ақын мен суретшінің әрқайсысына/ тең бөлінеді – 200 000


Соңғы жаңалықтар