Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы – халық пен

оның Көшбасшысының жеңісі

Қанат САУДАБАЕВ

Мемлекет қайраткері, дипломат

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекеттің табысты өсіп-өркендеуі үшін орнықты қолайлы сыртқы жағдайлардың ауадай қажет екенін түсінген болатын. Оның айрықша сыртқы саяси белсенділігі, интеграциялық және бітімгерлік күш-жігері нақ осыған негізделген. Біздің еліміздің айтарлықтай күрделі геосаяси жағдайына қарай отырып, ол өзінің сыртқы саясатының бірден-бір дұрыс стратегиясын таңдады. Бұл әрдайым маневр жасау еркіндігін, мың құбылып жатқан әлемнің күтпеген сын-қатерлеріне барабар және дер кезінде жауап беру мүмкіндігін беретін көп векторлы және центризм стратегиясы еді.

Мен оның ұлы державалардың, басқа да елдердің корольдерімен, президенттерімен және премьер-министрлерімен, аса ірі халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулеріне, келіссөздеріне қатысу бақытына ие болдым. Көптеген әлемдік көшбасшыларды Нұрсұлтан Әбішұлының өзін әріптесімен тең де лайықты ұстау мәдениеті, ішкі энергетикасы, жоғары интеллектісі мен терең эрудициясы әрдайым таң қалдырып, сүйсіндіретін. Келіссөздердің негізгі тақырыптары мен өткір мәселелерін ол әрдайым егжей-тегжейлі білетін және ешқашан өзінің аппараты дайындап берген тезистерді пайдаланбайтын.

Ұлттық мүдделерді қорғауда Нұрсұлтан Әбішұлының қашаннан нық, дәлелді ұстанымы бар. Сонымен қатар, ол серіктесті мұқият тыңдап, түсінуді, ақылға қонымды ымыраға дайын болуды да бойына сіңірген. Сондықтан оның барлық келіссөздері дерлік, қандай да бір қиындықтарға қарамастан, айтарлықтай сәтті аяқталатын.

Елбасы көптеген әріптестерімен жақсы адами қарым-қатынаста болды. Тіпті солардың көпшілігімен бұндай қарым-қатынас әлі күнге дейін сақталған. Сондықтан да нақ осы актив – ауқымды халықаралық тәжірибе, оның орасан зор саяси ерік-жігері мен қойылған міндеттерді шешудегі мақсаткерлігі –Қазақстанның халықаралық аренадағы тағы бір теңдессіз жетістігін қамтамасыз етудің басты ресурсына айналды. Бұл жерде мен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуін айтып отырмын.

2003 жылдан, яғни, осынау беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуге өтініш берілген күннен бастап, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің барлық кездесулерінде, келіссөздерінде бұл мәселені үнемі және табанды түрде ілгерілетіп отырды. Бұл марафондағы ең негізгі іс-шараның бірі оның 2006 жылдың қыркүйегінде АҚШ-тың 43-ші президенті Джордж Бушпен кездесуі болып еді. Екі президенттің кездесуіне дайындық барысында сол кездегі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс өтінішті өз деңгейінде қолдауға уәде бере отырып, бізден Ақ үйде бұл мәселені көтермеуімізді сұрады. Ол: «Біз қолдау форматын табамыз, оны шешуге тырысамыз. Бүгін болмаса –ертең, ертең болмаса – арғыкүні» деді.

Сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, және АҚШ-тағы елші ретінде мен, Нұрсұлтан Әбішұлына Кондолиза Райстың осы тілегі туралы хабарладық. Алайда, кездесу кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Президент Бушқа Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне дәл қазір және тап осы жерде қолдау көрсетуі жөнінде дәйектілікпен әрі табанды түрде өтініш білдірді. Нәтижесінде ол маңызды мақсатқа қол жеткізіп, АҚШ біздің төрағалық етуімізді ешқандай бұлталақсыз нақты және айқын қолдайтынын білдірді.

Дәл осы күннен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы біздің төрағалығымызды дайындау мен өткізу жұмысымен үнемі дерлік, мақсатты түрде тікелей айналысты. Нәтижесінде он бір жылға созылған ұзақ үзілістен кейін Астанада 56 мүше мемлекет пен 40 халықаралық ұйым басшыларының қатысуымен ЕҚЫҰ Саммиті өткізілді. Ол – ол ма, Нұрсұлтан Әбішұлы барлық осы елдердің ортақ мүдделерінің тоғысар жерлерін таба отырып, тарихи Астана декларациясының бірауыздан қабылдануына қол жеткізді.

Әрине, бұл Ұйымға қатысушы мемлекеттер көшбасшыларының ортақ табысы еді. Бірақ олардың барлығы да Нұрсұлтан Назарбаевтың «Астана серпілісін» қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін бірауыздан және әділ түрде атап өтті. 2010 жылғы 1-2 желтоқсандағы Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи Саммиті өткізілген күндері, бүкіл әлемдік қоғамдастық пен ең алпауыт ақпарат құралдарының назары Қазақстанның елордасына, оның көшбасшысына ауған болатын.

Қазақстан халқы әлемге егемен елдің қалыптасқан, салмақты ұйымдастырушылық, зияткерлік әлеуеті, жоғары кәсіби сыртқы саяси қызметі бар, халықаралық бедел мен құрметке ие мемлекет екенін айқын және нанымды түрде көрсете алды. Бұл біздің ел тізгінінде жалпыға ортақ бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барған сайын үдемелі үлес қосып келе жатқан көрнекті саясаткер, мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрғанының нәтижесі екенін бүкіл әлем танып-білді.


Соңғы жаңалықтар