«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері: Арманым - балалар сахнада ойнайтын бірегей театр ашу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің оқытушысы Думан Әкім «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алды. Грантты бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Грант Думан Әкімге «Тәуелсіздік құрдастары» конкурсының мәдениет бағыты бойынша театр, шығармашылық, талант халықаралық балалар-жасөпірімдер театр фестивалі конкурсын ұйымдастыру жобасы үшін берілді.

«Осыдан жарты был бұрын грантқа құжат тапсырған кезде Ақордада грант жеңімпазы ретінде сөз сөйлеймін деген ой мүлдем болған жоқ. Бұл мен үшін зор мәртебе әрі тарихта қалатын сәт деп білемін. Жастарымыздың танымы терең тұлға болып қалыптасуы үшін мәдениеттің орны ерекше. Осыған орай өскелең ұрпақты театр өнеріне қызықтыру мақсатында Театр, шығармашылық, талант атты жоба әзірлеген болатынмын. Біз бұл жоба аясында балалар мен жеткіншектерге арналған халықаралық театр фестивалін ұйымдастырамыз. Арманым - болашақта балалар сахнада ойнайтын бірегей театр ашып, елімізді мәдениет, өнер арқылы әлемге әйгілі ету», - дейді грант жеңімпазы.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жастарға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, сіз өскелең ұрпақ мәселесін әрдайым айрықша назарда ұстап, бізге жан-жақты қолдау көрсетіп отырасыз. Бүгінгі таңда, егемендіктің мерейлі жылында дарынды жастарға арнаулы грант тағайындап, біздерге осындай мүмкіндік беріп жатқаныңызға үлкен алғысымызды білдіреміз. Бүгін тәуелсіздік ұрпақтарына ерекше құрмет көрсетіліп, зор үміт артады», - деді Думан Әкім.


Фото: dumanakim.kz
Соңғы жаңалықтар