Тәуелсіздік жерімізді, суымызды берді, желбіреген туымызды берді – ақын Ақылбек Шаяхмет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық шығармашылық академиясының корресондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, жуырда жетпіс жасқа толғалы отырған Ақылбек Шаяхмет ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, тәуелсіздіктің жемісі, қоғам дамуы, имандылық және рухани-мәдени байлықты қолдау туралы өз ойларын ортаға салды.

– Ақылбек Қожаұлы, өмірдің құндылығы неде? Адамзат үшін не қымбат, не бағалы екен?

– Өмірде адал өмір сүріп, ағайынға, достарың мен замандастарыңа сыйлы бола білсең, ол да бір байлық. Алла берген табиғи дарыныңды аша білсең, қабілет-қарымыңды елдің игілігіне жаратып, білім мен ғылым жолында қажырлы еңбек етіп, халыққа пайдаң тисе, мерейіңнің өскені, арманыңа жеткенің ғой. Өмір осы жағынан алғанда құнды деп ойлаймын.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», - деп Абай айтқан. Ұлы ақын қандай іске де бар ниетіңмен кірісіп, нәтижеге жету үшін күш-жігеріңді жұмсауың қажет екенін айтып тұр. Азамат үшін туған жері, Отаны қымбат. Ана тілі бағалы. Адамзат үшін осы қасиеттер қашанда бірінші орында тұрмақ.

– Имандылық, қанағат, ислам құндылықтарын сақтау туралы не айтар едіңіз?

– Біз мұсылман болғандықтан, Алла алдында қарыздарымыз бен парыздарымыз бар. Ертеде Тоқсан би: «Жылға парыз – он екі айда келген құрбан, Айға парыз – отыз күн ораза, Күнге парыз – бес уақыт намаз, Ханға парыз – халқын әділдікпен бағу, Қарашаға парыз – ханның әділдігін білу», - деген екен. Бес парызды жұртқа көз қылу үшін емес, Алланың ырзалығы үшін, өзің үшін жасайсың.

Жердің көркі – адамзат, адам көркі – ақиқат,өмір көркі – қанағат, діннің көркі – шариғат, имам көркі – салауат, мешіт көркі – жамағат екені белгілі.

«Мінажат» (Астана, «Фолиант «баспасы, 2011) деп аталған жыр жинағымда:

«Киіз үй де күмбезіндей мешіттің,

Еңкейіп кір тағзым етіп Аллаға.

Таң атарда азан үнін есіттің,

Ерте тұр да, жүзіңді бұр құбылаға.

Бұл жалғанда күндері көп қысылған,

Қылығына өкінбейтін бар ма адам?!

Мешітке егер кірген болса мұсылман,

Кешу тілер жалғыз ғана Алладан», – деп жазған едім.

Шынында да, біліп істеген және білмей істеген күнәңді тек қана Алла кешіре алады. Сондықтан да базарда қалдырған ақшаң түк емес, мешітте қалдырған ақшаң көп емес. Күмбездері – қалқандай, мұнаралары – найзадай мешітте азан дауысын естісең, ол құлаққа жайлы әсем әуендей естіледі. Мешіт – Алланың үйі, имандылықтың ұясы.

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасын» жазып, барлық мектептерді ашқан кезде «Бісімілла, рахман-рахим!» деген сөзбен бастаған, мектепке сабақ берер алдында дәрет алып кірген өнегесінің өзі неткен ғажап?!

Діндар ақын Нұржан Наушабайұлы: «Бiсiмiлла, рахман-рахим! Болмады төмен назарым, жер жүзiне жайылды насихат болып ғазалым», – деп Жаратқанға мінажат қылған өңірде тура жолға түскен жерлестерім көбейгенге қуанамын. Иманы бар адам игілікті істің басында жүреді. Қанағаты бар адам әрдайым сыйлы болады.

– Биыл азаттыққа қол жеткізгенімізге 30 жыл толғалы тұр. Сіз үшін Қазақ елінің егемендігі қаншалықты құнды? Тәуелсіздік бізге не берді?!

– Тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыз қаны мен терін төкті. Одан құнды не болуы мүмкін?! Тәуелсіздік жерімізді, суымызды берді, желбіреген туымызды берді. Елдің таңбасын берді, тірліктің арнасын берді. Елдігіміздің белгісіндей болған теңгемізді берді, жиған-тергенімізді берді, өсіріп-өнгенімізді берді. Тіліміз бен дінімізді берді, осы күнімізді берді. Келешекке деген сенімді берді. Бергенінен беретіні әлі көп.

Тәуелсіз деген тәтті сөздің иісіне ғана балқып, көбігін қалқып жүргендер аз емес екенін ұмытпау керек. Тәуелсіздік баянды болуы үшін басшыларда нысап, байларда қайыр, кедейлерде қанағат болса деймін.

– Мемлекетіміздің демократиялық ұстанымдарды сақтап, саяси-экономикалық дамуы үшін қандай қадамдар жасалғаны дұрыс деп ойлайсыз?

– Басты қадамдар: халық билігін түбегейлі орнықтыру. Өткенді бағалап, бүгінді саралап, ертеңге сенімді жоспар құру. Қазыналы қарттардың ақылын алып, жастарға жол ашу. Ауылды көркейту, ата дәстүрді жаңғырту, жеріміздің астындағы да, үстіндегі де байлығына ие болу.

Біздің өз мүмкіндіктеріміз өте мол. Табиғи қазынамыз да, адами ресурстарымыз да жетерлік. Сырттан қарыз алмай, өз күшімізбен де өрге баса аламыз. Халық үшін бүгінгі нәтижесіне шаттанатын емес, Қазақ елінің берекелі келешегін орнатып кететін үкімет қажет.

Азаматтарымыз алаңсыз өмір сүруі үшін заңдылықтың сақталуы, әділдіктің үстемдігі аса қажет. Ел ішінде сот жүйесіне, құқық қорғау орғандарының жұмысына көңілі толмайтындар аз емес. Бірінші кезекте азаматтарды соттайтын емес, қорғайтын Отаны болуы тиіс! Әділ сот, ашық қоғам – демократияның басты шарттары!

– Соңғы жылдары руханият байлығын қорғау, құрметтеу жағы кемшін соғып жатқан секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Біз Батысқа көп еліктеп жүрген секілдіміз. Исламмен біте қайнасып кеткен ата дәстүрімізді дәріптеу кемшін соғып жатыр. Рухани байлық мол. Тек соларды халыққа жеткізуде соны ізденістер керек. Мешіті көп, мектебі мен медіресесі аз қоғамға айналып кетуден де сақтанған абзал.

– Өнер мен мәдениетті өркендетудің, осы жолда тер төгіп жүрген адамдардың еңбегін бағалаудың қандай жолдары бар?

– Менің ойымша, түрлі атақ пен марапат, салпыншақтардан гөрі әртүрлі мамандық иелерін материалдық жағынан қолдау тиімді. Ал еңбегі сіңген адамдардың өнер мен мәдениеттегі, кәсіптегі табыстарын жан-жақты насихаттау артық етпес еді. Бұл үшін мемлекет тарапынан моральдық та, материалдық та қолдау керек.

Қамқорлық жасалған жерде жазушының қаламынан кесек туындылар шығатыны сөзсіз. Мысалы, ол өзі зерттеп жүрген тақырыбы бойынша бір өңірлерді немесе тарихи орындарды аралап келуі керек. Қазақстандағы және кейбір шетелдегі архивтерден, музейлерден материалдар жинақтауы ықтимал. Ал соның бәріне өз қаражаты жете ме? Жоқ, әрине. Еліміздің рухани-мәдени саласына сүбелі үлес қосатын дүние жазған қаламгердің еңбегі жоғары бағалануы қажет. Композитор, күйші, домбырашы, зерттеуші адамдар, жалпы барлық өнер иелері туралы да айтарым – осы.

– Енді өзіңіздің шығармашылық табыстарыңызға тоқталсаңыз? Соңғы кезде талғамы жоғары оқырмандарға қандай туындылар ұсындыңыз?

– Жетпістің желкесіне шығып тұрмыз. Соған байланысты «Күзгі көңіл» деп аталатын жыр жинағым және «Оңашадағы оқшау ойлар» деп аталған прозалық миниатюралар кітабым жарық көрді. «Зейнолла ишан», «Жұмыртқа», «Көлеңке», «Қашқын» деп аталатын бірнеше пьеса жаздым. Балалар әдебиетіне шама-шарқымша үлес қосып жүрмін. Биылғы жылы оннан астам суретті кітапшалар жарық көруге тиіс.

– Бұрын жұртшылық сізді ақын, журналист ретінде жақсы білді. Кейінгі жылдары драматургия саласына қалам тербеп жүрсіз. Драмалық шығармаларыңыз театрларда қойылуда. Осы туралы айтып өтсеңіз?

– Ия, драмаға кейінгі кезде көп көңіл бөліп жүрмін. «Ыбырайдың өсиеті» деп аталатын спектаклімді Қостанайдағы орыс драма театры сахнаға шығарды. Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы қазақ драма театры «Шоқанның шері» атты пьесамды сахналады. Ілияс Омаров атындағы Қостанай драма театрында ата-анасын қартайғанда қарттар үйіне өткізіп жіберген оқиғалар арқау болған «Өкініш» деген спектаклім қойылып жатыр.

Биыл 16-18 маусым күндері 70 жасқа толатын мерейтойым аясында Қостанай қаласындағы қазақ және орыс драма театрлары менің туындыларымды көрермен назарына ұсынады. Сондай-ақ шығармашылық жолымды қамтитын кітап көрмесі және әдеби кеш өтетіні жоспарланған. Айта кетейін, бұл шаралар барлық санитарлық қауіпсіздікті сақтай отырып өткізілмек.

– Сіздің ерекше бір қасиетіңіз – қазақ және орыс тілдерін жетік меңгергеніңіз. Екі тілде де еркін сөйлейсіз және туындыларыңызды да жазып жүрсіз. Бұл екінің біріне берілмейтін қабілет. Мектепте орысша оқыдыңыз ба? Тағы қандай тілдерді білесіз?

– Мен Қостанай облысындағы Жітіқара қазақ мектебінде оқығанмын. Бірақ тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезде қазақ мектебі жарты жылдай уақытқа жабылып қалып, орыс мектебінде оқуға тура келген. Одан кейін қалың орыстың арасында өстік. Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп шыққан соң, Мәскеудегі Әдебиет институтына оқуға түстім. Кейбір көсемсөздерімді орыс тілінде жазамын. Бірнеше пьесамды орыс тіліне өзім аудардым.

– Алдағы жоспарларыңыз?

– Алдағы күнге үлкен жоспар құрмаймын. Есіл-дертім жазу, ақ қағазға оймен өрнек салу. Қостанай жерінде туып-өскен Алаш арыстарының, би-шешендердің, ақындардың өмірі мен қызметін де зерттеп жүрген жайым бар.

– ҚазАқпарат арқылы оқырмандарға айтар тілегіңіз?

– Мен ҚазАқпарат агенттігінде біраз жыл тілші болып қызмет атқарғанмын. Бұл агенттік жас журналистер үшін үлкен мектеп екені анық. Өз еліміздің және жаһанның нақты жаңалықтарын жариялайды. Шетелдегі қандастарымыз да оқиды. Олар үшін хабар-ошар латын және араб әліпбиіне негізделген төте жазумен таратылады.

Журналист ретінде қазақ баспасөзінің көші ілгері басуына біраз атсалыстым. «Азаттық» радиосында да қызмет жасадым. «Ана тілі» газетінің лауреаты атанған да кезім бар. Ал Қостанайда «Дала қоңырауы» деп аталатын газет шығардым. Әлеуметтік желіге келсек, менің Фейсбукте парақшам бар.

Жалпы, Ғаламтор деген кейде Өсектор болып кетеді. Жалған ақпарат таратып, халықты әуреге салатындар бар. Алайда, әлеуметтік желіні дұрыс пайдаланған кісіге, сараптап, сұрыптап оқитын болса, пайдасы да аз емес.

Ал кейбір тілшілерді тыңдап отырсам, қарным ашады. Оларға салсаң, жеріміз жайнап, бұлбұлымыз сайрап, қазанымыз қайнап тұр.

Оларға кереғар тағы бір топты тыңдасақ, жерімізді жайлаған жемқорлар, азғындар, қылмыскерлер, тағы сондайлар.

Газет те, көгілдір экранын алға тосқан «көкжәшік» те ашық пікір алаңы болуға тиіс. Жалғандықтан қашып, ақиқатты айтуға ұмтылу керек. Ақты ақ, қараны қара дегеннен ұтылмайтынымыз анық.

Ақынның өмірбаяны:

Ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет 1951 жылғы 17 маусымда Қостанай облысының Жітіқара ауданында туған. Әулиекөл аудандық газетінде, одан кейін Алматы облыстық «Жетісу», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда жұмыс істеді. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Мәскеудегі Әдебиет институтын бітірген.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі Қостанай облыстық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық білім департаменті директорының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, журналистика факультетінің деканы, ҚМУ Медиа-орталығының директоры болып қызмет атқарды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты. «Ана тілі» газетінің лауреаты. «Дала қоңырауы» газетінің тұңғыш ұйымдастырушысы және редакторы болды. Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен, «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұқар жырауға, Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық мүшайралардың жеңімпазы. 2007 және 2008 жылдары өткен республикалық ұлттық «Астана-Бәйтерек» конкурсының жеңімпазы. 2008 жылы өткен «Бір өлең-бір әлем» республикалық мүшайрасының және «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері.

Сондай-ақ Махмұт Қашқари атындағы Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» және Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың, тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығының иегері атанды.

Автордың өлеңдері орыс және шетел тілдеріне аударылған. «Есте қалар ел тарихы», «Ел есіндегі есімдер», «Тыңда туған», «Пирамида», «Көзімді ашып-көргенім», «Жұлдызды дәуір», «Жер-бесік», «Мөлдір бұлақ» деп аталатын прозалық, өлеңдер және поэмалар жинақтары жарық көрді.


Соңғы жаңалықтар