Тәуелсіздік жылдарында Атырау облысында 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдарында Атырау облысында 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Тұңғыш Президенті күніне орай өткен салтанатты шарада облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлім етті.

«Халқымыз үшін азаттықтан асқан құндылық жоқ. Сан ғасырдан бері сарыла күткен санадағы мұрат жаңа дәуірде жасампаз қуатқа айналды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс. Алайда, біз оны да бағындыра алдық». Елбасы бастаған буын әлемге және болашақ ұрпаққа Тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсынды» -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Әкім тәуелсіздік жылдарында мұнайлы өңірдің өсіп-өркендеуіне тоқталды.

«Тәуелсіздікпен бірге Атырау облысы да бұрын-соңды болмаған жетістіктірге қол жеткізді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту ең басты міндетіміз болды. Осы жылдарда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 15,5%-дан 4,9%-ға дейін төмендеді. 1994 жылы өңірде белсенді жұмыс күші 175 мың адам болған. Ал, биыл 334 мыңға дейін жетті» -деді М.Досмұхамбетов.

Оның мәлім етуінше, облыста тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы 12-ден 99,7 процентке дейін, ал, орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 35-тен 99 процентке дейін артқан. Сондай-ақ, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, 12 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

«Егемендік алуымызбен бірге еліміздің алтын дәуірі басталды. Осы кезең ішінде біз талай тарихи белесті бағындырдық. Бұған әр аймақтың қосқан үлесі зор. Оның ішінде Атырау облысының орны бөлек екенін мақтанышпен айтуымыз керек. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Атырау Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаннан бері қалай дамығанының символы болып саналады» деген сөзі қуаттай түседі» -деп мәлім етті облыс әкімі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, композитор, Атырау облысының Құрметті азаматы Ілья Жақанов пен тәуелсіздік құрдастары пікірін білдірді. Ұлыбританияда білім алған, қазір НКОК компаниясында инженер болып жұмыс істейтін Берік Уап салаға келуін тарихи оқиғамен байланыстырды. Ол 2000 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қашаған» кен орнынан алынған мұнайды бетіне жаққанын сәтін әңгімеледі.

Мерекеге орай өткен іс-шарада облыстың өркендеуіне үлесін қосып бір топ азамат алғыс хатпен марапатталды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау музейінде қос мереке қарсаңында экспозициялық залдар ашылғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар