Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Ақтаудағы 10 көпқабатты үйдің сыртына мурал салынады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қаланың орталық жолдарының бойында орналасқан 10 тұрғын үйдің қабырғасына мурал салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлім етті.

Шаһар басшысының айтуынша, жоба құрылысы мекемелерінің демеушілігімен іске асады. Алғашқы жұмыстар 10 мамыр күні басталады.

Бұдан бөлек, ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесін тойлау мақсатында бірнеше жоба іске аспақ.

«Жаңа 40 шағын ауданнан саябақтың ірге тасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Демеушілер қаражаты есебінен Ақтау қаласының «Шығыс-3» шағын ауданы, № 8 және № 9 өнеркәсіптік аймақтың қиылысына «Шотан батыр» ескерткішін орнату және «Ақтау-Әуежай» тас жолының бойына кіре-беріс кешенінің құрылысын салу жобалары әзірленді. Ал, 20-сы шағынаудағы айналмалы жолға демеушілік есебінен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ақтау қаласына сый ретінде «Салтанатты арканың» құрылысы басталды», - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Қала әкімінің айтуынша, Ақтауда 17 және 39 шағын аудандарда жаңа мешіттердің құрылысы бой көтерді.

Қазір 17 шағынаудан Бекет ата мешіті ғимаратының сүру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Орнына 1200 шаршы метр болатын жаңа мешіт тұрғызылмақ. Жаңа мешіт 2021 жылдың II тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Ал 39 шағынаудандағы 500 адамға арналған «Ержан Хазірет» мешітінің құрылысы 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 17 шағынауданда 3 қабатты «Оқушылар сарайы» салынады. 6540 шаршы метрді құрайтын ғимаратқа 1000-нан астам бала қабылданатын болады», - деді Нұрдәулет Қилыбай.


Соңғы жаңалықтар