Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Атырауда «Түйе палуандар» анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан – спорттық ұлт» жобасы аясында қазақ күресінен «Түйе палуан» сайысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сайыста ауыр салмақта бақ сынаған жеңімпаздарды облыс әкімі Маахмбет Досмұхамбетов марапаттады.

«Сіздер нағыз білекті, жүректі палуандардың қуатты күресі қандай болатынын көрсеттіңіздер. Қазақ халқының төл күресінің тарихы тереңде. Ғасырлар бойы ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық күресімізді дамыту мен қолдау жастарымызға да үлкен руһ береді. Жастардың намысын жанып, нағыз ер-азамат болып қалыптасуына оң ықпал етеді», -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық спорт түрлері жанданып келеді. Облыста спортшыларды қолдауға айрықша көңіл бөлініп отыр.

«Жыл сайын спорттық клубтар мен ірі кешендер саны артуда. Онда дайындалатын жас буынның қатары көбейе түсті. Тәуелсіздіктің 30 жылында спортшыларымыз талай мәрте халықаралық додаларда көк байрағымызды көкте желбіретті. Олардың арасында ел тарихында ғана емес, әлем тарихында есімін алтын әріппен жаздырған жерлестеріміз бар. Мәселен, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилманов мен Рио Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рахимовты барша қазақстандық мақтан етеді. Олардың жеңісті жолын жалғастыратын жастарға жағдай жасау жалғасады», -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Алыптардың күресін спорт жанкүйерлері бастан-аяқ әлеуметтік желілер арқылы тамашалады. ​Тартысты өткен сайыс нәтижесінде қарсыластарының жауырынын жерге тигізген Абылай Амандық бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал, Руслан Ізғалиев екінші, Шынболат Хасанов үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен қаржылай марапат берілді.​ ​

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «OTAN Life» жобасы басталған болатын.


Соңғы жаңалықтар