Тәуелсіздіктің бұлтартпас ақиқаты

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – Қазақ елінің ғасырлар бойы аңсап күткен азаттығының ақ таңы атқанына бүгін 28 жыл толды.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Осылайша, әлем картасында Қазақстан Республикасы пайда болды.

Қазақ тәуелсіздікті қалай қарсы алды? «Бұл күні уақыт өлшеміне бағына қоймайтын мақтаныш, қуаныш пен толқыныс өзара үйлесім тауып, ерекше сезімге бөлендік», - деп еске алады ескі күнді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Иә, Қазақстанның Тәуелсіздігі – Арқада астана тұрғызған елдің ғана емес, бүкіл әлемдегі қарға тамыр қазақтың бақыты еді. Дін қайраткері Халифа Алтай Ыстанбұл көшесінде келе жатқанда радиодан «Бүгін Қазақ елі тәуелсіздік алды!» деп түрік тілінде саңқылдап жатқан дауысты естіп, тұрған жерінде құбыланы тауып алып, Жаратқан Иеден «Қазақ деген халықты ғұмырлы қыла гөр!» деп дұға тілепті. Ал Әбіш Кекілбаев өз естелігінде «ел тағдыры шешілер сағатта азаматтарымыз бір үйдің баласындай ынтымақты мінез танытқанын» жазса, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «сол күні жаңалықты естіп, теледидардың алдында егіліп жылағанын» еске алады.

«Азат болудан, ешкімге басыбайлы құл болмаудан артық бақыт бар ма?», - дейді америкалық ақын Уолт Уитмен.

Құдайға шүкір, қазақ құлдықтың қамытынан босап, дербес мемлекет болып отыр. Десе де, заманымыздың белгілі ақыны Қалқаман Сариннің егемендік жайлы: «Саған жету қиын болса қаншалық, сақтап тұру қиынырақ одан да», - дегені де әрбірімізді ойсыз қалдырмауы тиіс. Әйтпегенде, «өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп түңіле жырлаған Абай азаттықты аңсамады дейсіз бе? Ұрпағым көркеуде болмасын деп, ұлт қайраткерлері «өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастады». Олардың әрбіріне қарыздар бүгінгі ұрпақ. Ендігі міндет – осы Тәуелсіздікті баянды ету. Ендеше, Әлихан Бөкейханның мына сөзін есімізден шығармауымыз керек: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана!»

Биыл Тәуелсіздіктің 28-ші желтоқсанын қарсы алып отырмыз. Бір кезде соры қайнап, сорпасы төгілген, тоқымы кеппей, тоз-тозы шыққан жұрт бұл күнде тұтас мемлекетке айналды. Мән берсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жастар жылының аяқталып, Волонтер жылының басталуына орай өткізілген жиындағы сөзінде зор мағына бар.

«Бұлтартпайтын бір ақиқатты естен шығармаған жөн: елдің Тәуелсіздігі мен оның аумақтық тұтастылығын халықаралық ұйымдардың дауыстары арқылы ғана емес, ойлы ішкі және сыртқы саясатпен ғана қорғап қалуға болады. Халық өз тәуелсіздігін мығым әрі бірлігі бекем мемлекет тұрғысында сақтап қала алады. Сондықтан, ойлардың сан салалы болуына қарамастан, бастысы – Қазақстанның Тәуелсіздігін ұстап тұрған негізді әлсіретіп алмау керек!»

Президенттің дәл осы сөзді жастар алдында айтуының маңызы зор. Халықаралық саясаттан хабары мол басшының бұл сөзді текке айтпағаны хақ. Рас, бұлтартпайтын да бұра тартуға келмейтін осы шындықты естен шығармаған абзал. Ендеше, «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбеуге» серт берген рухты жастарымыз көбейе берсін!

Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Соңғы жаңалықтар