Таунхаустар мен жаңа мешіт: Бурабайда бірегей жобаны іске асыру басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 қыркүйек күні Ақмола облысында заманауи үлгідегі тұрғын жайларды салу жобасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы әкімінің туризм, индустрияландыру, кәсіпкерлік және инвестициялар мәселелері бойынша орынбасары Марат Иғали ҚазАқпаратқа мәлім еткендей, бірегей жобаның атауы - Promenade Burabay. Бұл, Елбасының курортты аймақты дамыту бойынша бекіткен жоспарларының бірі. Оның аясында Қазақстан Швейцариясында «таунхаус» және «апартамент» үлгілеріндегі заманауи тұрғын жайларды салу қолға алынады.

М.Иғалидің айтуынша, Бурабай көлінің жағасынан бастап, құрылысы жүріп жатқан Конгресс-орталығына дейін аллея салынады. Онда түрлі бұқаралық мәдени іс-шаралар мен фестивальдар өткізілмек. Заманауи апартаменттер де сол жерде орналасатын болады. Олар 5 түрлі үлгіде бой көтереді.

«Апартаменттер үш қабатты үйлерден тұрады. Оның бірінші қабатында көл жағалауына қарап тұрған дәмханалар, мейрамханалар мен спорттық жабдықтарды жалға беру бекеттері болады. Ал басқа жағында тұрғындардың кіруіне арналған тіркеу орны жайғасады. 5 түрге бөлінетін апартаменттердің ауданы 23,11 шаршы метрден басталады. Оның кейбірі дайын күйінде жалға беріледі. Ыңғайлылық үшін көшеге шығу жағы бөлек болады»,- деді Марат Иғали.

Одан бөлек, Promenade Burabay жобасы аясында сыйымдылығы 150 адамға арналған үш қабатты мешіт тұрғызылмақ.

Бұдан бұрынырақ хабарлағанымыздай Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Бурабайды дамыту жоспарымен таныстырған болатын.

 

 

Соңғы жаңалықтар