Текелі қаласында 1000-ға жуық кенші тұрақты жұмысқа орналасты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 70 жылдық тарихы бар Текелі шаһарында биыл 1000-ға жуық кенші тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Моноқала тұрғындарының еңбекпен қамтылуына шойын өңдеу кешенінің қайта ашылуы сеп болған. Өндіріс орны жыл басынан бері 7200 тонна шойын өндірген. Ал, келесі жылдан бастап қалада екінші домна пеші іске қосылып, 1200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.

Қалада шағын және орта бизнес саласы да белсенді дамуда. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 311 бірлікке артып, 2800 адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ, өңірде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласы да қарқынды даму үстінде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде «Металлург» шағын ауданының кәріз желілері мен магистральды жылу желілері қайта жаңғырту бойынша - екі өтпелі инвестициялық жобаны іске асыру аяқталды.

Нәтижесінде, барлығы 23,3 шақырым кәріз желісі мен 5,02 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңғыртылды. Ауыл шаруашылық саласында да нәтиже бар. Қысы-жазы өнім беретін Текелі жылыжайында 452 мың тонна қияр жиналған. Жалпы, 2019 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығында 6,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

Кеншілер қаласындағы жаңалық бұл ғана емес. Қалада баспана мәселесі де шешімін табуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмысы жүргізілуде, нысанның дайындығы 88,8%, жұмыстың аяқталу мерзімі желтоқсан айына жоспарланған. Тағы екі 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Бахтияр Әлтайұлы көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырған емес.

«Қалада 415 көпбалалы отбасы тұрады, отбасыларға тексеру жүргізілді және олардың табыстары нақтыланды, барлығына әлеуметтік карталар толтырылды.

Көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 25 пәтер сатып алынды. Демеушілер есебінен 5 көпбалалы отбасы үшін тұрғын үй сатып алынған. Сонымен қатар »Бақытты отбасы« бағдарламасы аясында қаланың 7 тұрғыны баспаналы болған.

Жалпы, келер жылы моношаһарда әлеуметтің әлеуетін көтеретін бірнеше жоба іске асады. Яғни, 2020 жылы Текелі қаласында 470 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Атап өтсек, »Профмебель« жиһаз, әк өндіретін кәсіпорын, Қазақстанның ішкі нарығы үшін болат құймалар шығаратын зауыт, сондай-ақ, »Ибраимова« шаруа қожалығының 50 басқа арналған бордақылау алаңы іске қосылмақ. Сөйтіп, жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға төмендетеміз», - деді Өнербаев Бақтияр Әлтайұлы Талдықорғанда өткен брифинг барысында.

Соңғы жаңалықтар