Текелідегі лай көшкінінен қаза болған баланың анасы оқиғаның қалай болғанын айтты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Текелі қаласында болған лай көшкінінен қаза болған баланың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаза болған бес жастағы Жанбота Тілеуханның анасы қайғылы оқиға орын алған сәтте моншада болған. Сол уақытта тек қатты гүрілдің дауысын естіген.

«Қатты жел соққандай болды. Одан кейін тарс-тұрс болып кетті. Өзіміз шошығаннан, есімізді білмей қалдық. Терезеден шықтық та, жан-жаққа қарасақ үй орнында жоқ. Бала сол үйдің ішінде қалған болатын. Ақылды, сүйкімді еді. Мен әнші боламын, мен биші боламын дейтін», - дейді қызының қазасынан есеңгіреп қалған Гүлнәр Тілеухан.

Қайғы жұтқан ананы қазір әкімдік үлкен қызымен бірге қонақүйге орналастырған. Ал кішкентай Жанботаны ертең жерлейді. Әкімдік бұл отбасына жаңа баспана беретінін мәлімдеді. Ал қалған төрт жанұяның бүлінген үйіне қатысты шешімді комиссия қабылдайды.

«Қазір бізде төрт үй бұзылып тұр. Техникалық сараптама жасап, қарап шықтық. Үй салып береміз бе, сатып аламыз ба, заңға қарап шешім шығарамыз», - деді Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов.

Естеріңізге сала кетейік, Текеліде лай көшкіні кеше күндізгі сағат 12:00 шамасында басталған . Таудан көз ілеспес жылдамдықпен лап еткен балшық алдындағысын жапырып, бес үйді басып қалған. Олардың бірінде бес жасар Жанбота болған. Қыздың денесін құтқарушылар тек жеті сағаттан соң, арнайы дайындалған иттің көмегімен үйінді астынан алып шыққан. Бүлдіршін бір әулеттің кенжесі еді. Анасы Гүлнәр Тілеуханның айтуынша, қайғылы жағдай болады деп ешкім ойламаған. Жанбота үй ішінде алаңсыз қуыршақ ойнап отырған. Ал 12 жастағы әпкесі туыстарының үйінде болыпты. Енді, міне бір-ақ күнде бес жасар қызынан да, баспанасынан да айырылған келіншек, қайғыдан есеңгіреп отыр.

Айта кетейік, Алматы облысының әкімі Текеліде лай көшкінінен зардап шеккендерге баспана берілетінін Твиттер парақшасында жазғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар