Теңіз кен орнында карантиндік шектеу шаралары күшейтілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Теңіз кен орнында карантиндік шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Жылыой ауданының бас санитар дәрігері Т.Хабибуллиннің «Теңіз, Прорва, Морской кен орындары аумақтарында және Теңізге іргелес басқа да кен орындарда коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысында айтылған.

«Көлікте, кеңселерде, асханаларда (тамақ ішу уақытын қоспағанда), тұрғын блоктарда және басқа да жабық өндірістік емес нысандарда бетперде кию тәртібін орындауға, әлеуметтік алшақтықты сақтауға, объектілерде санитариялық-дезинфекциялық режимді қамтамасыз етуге қатысты эпидемияға қарсы іс-шараларды жалғастыру, науқастануы симптомсыз өтіп жатқан инфекция жұқтырған тұлғаларды бақылауға арналған оқшаулау обьектілерінде карантин режимінің сақталуы, вахталық кенттердегі карантиндік блоктар жұмысының СOVID-19 науқастарымен байланыста болған адамдарды оқшаулауға арналған талаптарға сәйкес жалғасуы қамтамасыз етілсін», -делінген құжатта.

Қаулыға сәйкес «Теңіз» кен орнына бөгде көлік құралдарының кіруіне және шығуына тыйым салынған. Ілеспе құжаттамасы жоқ және есебі, олардың өту уақыты, қозғалыс маршруты және қажет болған жағдайда қайту уақыты тіркелмеген көлік құралдарының қозғалысына жол берілмейді.

Жаңа қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 500 адам коронавирустан емделіп жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар