Теңіз кенішінде 230 орындық инфекциялық стационар ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысындағы Теңіз кенішінде 230 орындық инфекциялық стационар ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың хабарлауынша, инфекциялық стационар Атырау қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында ашылған. Стационар «ПТШО» ваахталық кенті аумағында орналасқан.

Аталған стационарда 211 науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 55 адамда қауіпті індеттің жеңіл түрі байқалса, 156 науқастың ауруы симптомсыз өтуде.

«Инфекциялық стационарда жұмыс істеуге №2 облыстық аурухананың 25 қызметкері жұмылдырылды. Олар – 3 дәрігер, 16 орта және 6 кіші медицина қызметкері. Бұған қоса тағы қосымша бір терапевт, бір инфекционист және 8 кіші медициналық қызметкер қажет» деп мәлім етті жедел штабтан.

Сондай-ақ, стационарда ТШО клиникасының 32 дәрігері мен 30 орта медициналық қызметкері жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта науқастармен байланыста болған 2000-нан астам адам карантинде жатыр. Эпидемиологтар науқастарды оқшаулау жұмысын жүргізуде. Карантин шаралары уақытылы енгізілмей, блокпостар дұрыс орнатылмаған кезде эпидемиологиялық жағдай бақылаудан шығып, инфекция облыс орталығына таралуы мүмкін еді» деп түсіндірді жедел штабтан.

«ПТШО» вахталық кентінің аумағында анализ жинап, өңдеумен Ұлттық сараптама орталығының Атырау облыстық филиалы, «Олимп» және облыстық обаға қарсы күрес станциясының мобилді зертханасы айналысуда. Бүгін мұнда республикалық Ұлттық сараптама орталығының зертханасы да жұмысын бастайды.

Бұған дейін Теңіз кен орнында 80 орындық провизорлық стационар мен 610 орындық карантиндік стационар ашылған.


Соңғы жаңалықтар