14:16, 18 Қазан 2021 | GMT +6
Теннис: Александр Бублик әлемдік рейтингіде 35-орынға көтерілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) әлемдегі үздік ойыншылардың жаңартылған рейтингісін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик 37-ден 35-орынға көтерілді.
Осылайша ол өзінің дүниежүзілік рейтингтегі рекордтық көрсеткішіне (34) бір табан жақындады.
Михаил Кукушкин 149-дан 147-ге, Дмитрий Попко 165-тен 163-ке, Тимофей Скатов 271-ден 269-ға, Денис Евсеев 406-дан бірден 370-орынға жоғарылады.
Жұптық сында Андрей Голубев 36-ыншы, Александр Недовесов 77-сатыда келеді.
А.Бублик Мәскеуде бүгін басталатын Кремль кубогы жарысында өнер көрсетеді. Оның алғашқы қарсыласы – іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, украиналық Илья Марченко.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық рейтингіде бірден 47 саты жоғары көтерілгенін жазған болатынбыз.