Теннис: Бублик пен Кукушкин «Кремль кубогының» ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Бублик пен Михаил Кукушкин Мәскеуде жұптық сында «Кремль кубогы» ATP турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп алғашқы айналымда сербиялықтар Миомир Кечманович пен Ненад Зимоничпен шеберлік байқасты.

А.Бублик пен М.Кукушкин небәрі 49 минутқа созылған бәсекеде қарсыластарын 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандықтар жартылай финалға шығу үшін сербиялықтар Никола Качич пен Душан Лайович немесе жаңазеландиялық Маркус Дэниэлл мен аустриялық Филипп Освальд жұбының қай жеңгенімен таласады.

Қазақстандықтар жүлде қоры 1 млн АҚШ долларына жуықтайтын доданың жекелей сынында да кортқа шығады. Рейтингте 54-орында тұрған А.Бублик ертең жарыстың алтыншы, әлемнің 34-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен ойнайды. Ал 57-сатыдағы М.Кукушкиннің қарсыласы –әлемнің 116-ракеткасы, тағы бір ресейлік Евгений Донской.

Әйелдер арасындағы осы турнирде Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 45-сатыдағы франциялық Кристина Младеновичтің шамасын байқап көреді.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 43-орындағы Елена Рыбакина Люксембург WTA турнирінің (жүлде қоры – 226 400 АҚШ доллары) үшінші ракеткасы болып тіркелген. Оның қарсыласы іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның «Ролан Гаррос» турнирінің жеңімпазынан ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар