Теннис: Қазақстан әйелдер құрамасына Ярослава Шведова басшылық етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ярослава Шведова теннистен Қазақстан әйелдер құрамасына басшылық ететін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Я.Шведова бапкерлікпен қатар ойыншы ретіндегі жолын да жалғастырады.

«Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтан осындай ұсыныс түсуі – мен үшін үлкен құрмет. Капитандықпен қатар ойыншы болу оңай емес. Жауапкершілікті сезіне отырып, федерация басшылығы артқан сенімді ақтау үшін бар күшімді саламын», деді Я.Шведова.

Егіз сәбиі дүниеге келуіне байланысты спортта үзіліс алған Я.Шведова биылғы жыл басында кортқа қайта оралды. 7-8 ақпанда Кортрейкте өткен Федерация кубогы іріктеу кезеңінде Қазақстан – Бельгия матчына қатысып үлгерді.

Я.Шведовадан бұрын Қазақстан әйелдер құрамасына Диас Досқараев жетекшілік етті. Оқуға кетуіне байланысты Д.Досқараев Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті қызметінен де босатылды.

Я.Шведова – теннистен еңбек сіңірген спорт шебері, жұптық сында екі мәрте «Үлкен дулыға» (Уимблдон, АҚШ ашық чемпионаты – 2010) турнирінің жеңімпазы, бес дүркін финалисі, WTA жарыстарының 15 мәрте чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері.

Ярослава 2012 жылы әлемдік рейтингте Қазақстан үшін рекордтық 25-орынға көтерілген болатын. Бұл нәтижені биыл тағы бір қазақстандық Елена Рыбакина қайталады. Қазіргі кезде Санкт-Петербургте өнер көрсетіп жатқан Е.Рыбакинаның өз көрсеткішін одан сайын жақсартатындай мүмкіндігі бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Роттердам турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар