Теннис: Кукушкин Astana Open турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 91-орында тұрған М.Кукушкин әлемнің 76-ракетасы, аргентиналық Федерико Дельбониспен кортқа шықты.

Өз елінің құрамасы сапында Дэвис кубогының жеңімпазы атанған Ф.Дельбонис оған қоса ATP турнирлерінде екі мәрте топ жарған-ды. Ал М.Кукушкиннің 2010 жылы Санкт-Петербург жарысында үздік шыққаны белгілі.

Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте аргентиналық теннисші брейкке қол жеткізді – 3:1. Бұдан кейін М.Кукушкин брейк жасағанымен, қарсыласы сол бойда есе қайырды. Есеп 5:3 болып, Ф.Дельбонис сетке доп бергенде, қазақстандық спортшы брейк жасап, сосын таразы басын теңестірді. Алайда тай-брейкте Дельбонис сәтті ойнай білді – 7:6 (7:5).

Екінші сетте есеп 3:2 болғанда, М.Кукушкин брейк жасап, сол басымдылығын сақтай алды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда қос брейк жасаған қазақстандық теннисші есепті 5:1-ге жеткізді. Содан кейін үшінші матчболын пайдалана білді – 6:2.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 32 минутқа созылды.

М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 28-інші, осы доданың 1-ракеткасы, франциялық Бенуа Пэрмен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың алғашқы айналымнан аса алмағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар