Теннис: Кукушкин Истбурн турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 105-ракеткасы М.Кукушкин бастапқы кездесуін рейтингте 355-орында тұрған америкалық Ник Чеппеллмен өткізді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:2 есебімен басым түсті. Екіншісінде де шеберлігін таныта білді – 6:3.

Бәсеке 1 сағат 10 минутқа созылды.

М.Кукушкин енді іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 91-ракеткасы, италиялық Андеас Сеппиді жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.

Жүлде қоры 547 мың еуродан асатын, көгал төсенішіндегі Истбурн додасы 21-26 маусым аралығында өтеді. Онда Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик те өнер көрсетеді.

2019 жылы бұл жарыста америкалық Тейлор Фритц топ жарған еді. Өткен жылы пандемияға байланысты өткізілген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Чехиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар