Теннис: Рыбакина Дохада тартысты матчта қарсыласына есе жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Доха WTA 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 56-ракеткасы, германиялық Лаура Зигемундпен кездесті.

Бірінші партияда германиялық спортшының тай-брейкте жолы болды - 7:6 (9:7).

Л.Зигемунд екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте брейкпен алға кетті. Әйтсе де есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен ол тағы да тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:5).

Аса тартысты өткен бәсеке 2 сағат 31 минутқа созылды.

Л.Зигемунд ширек финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен таласады.

Жуырда Аделаида додасында дәл осы германиялық теннисшіні тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева ұтқан болатын. Юлия бүйрегіне ота жасатқандықтан, Доха жарысына қатыса алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Нұр-Сұлтан турнирінің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар