Теннис: Рыбакина Дубайда Аустралия чемпионын ұтты
Е.Рыбакина алғашқы айналымда әлемнің жетінші ракеткасы, биылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, америкалық София Кенинмен кездесті.
Бірінші партияда америкалық спортшы тай-брейкте басым түсті - 7:6 (7:2).
Екінші партияда Елена есе қайырды - 6:3.
Шешуші, үшінші сетте есеп 4:3 болған мезетте Рыбакина брейк жасай білді. Содан кейін ол матчқа доп бергенде, қателескен жоқ - 6:3.
Тартысты бәсеке екі сағатқа созылды.
Осылайша Аустралия чемпионын ұтқан Е.Рыбакина жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуықтайтын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 58-ракеткасы, чехиялық Катерина Синяковамен таласады. Елена жуырда Санкт-Петербург додасында К.Синякованы 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Марсель турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.