Теннис: Рыбакина мен Зарина Дияс Франциядағы Страсбург турнирінде ойнайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Елена Рыбакина мен Зарина Дияс Франциядағы Страсбург WTA турнирінде бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 225,5 мың еуроға бағаланған додада дүниежүзілік рейтингте 72-орында тұрған З.Дияс әлемнің 37-ракеткасы, чехиялық Барбора Стрыцовамен кездеседі.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Е.Рыбакина іріктеу сайыстары жеңімпаздарының бірімен кортқа шығады. Ол жарыстың 5-ракеткасы болып тіркеліп отыр.

Е.Рыбакина коронавирусқа байланысты орын алған үзілістен кейін онша көріне алмай келеді. Цинциннатиде бастапқы кездесуінде-ақ ұтылып қалса, АҚШ ашық чемпионатында екінші айналымнан аса алмады. Ал Римде Италия ашық чемпионатының үшінші айналымында отандасы Юлия Путинцеваға жол берді. Ал З.Диястың ойыны мүлдем жүрмей тұр. Ол Цинциннати, US Open, Ыстанбұл және Римде бірінші матчында-ақ ұтылып қалды.

Страсбург додасы 20-27 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл 27 қыркүйекте Парижде басталатын Ролан Гаррос (Франция ашық чемпионаты) турнирі алдындағы соңғы сын болмақ. Өткен жылы мұнда украиналық Даяна Ястремская озық шыққан еді. Ол финалда франциялық Каролин Гарсияны 6:4, 5:7, 7:6 (7:3) есебімен тізе бүктірген болатын.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Бублик бүгін Гамбургте іріктеу сайыстарының финалында рейтингте өзінен үш саты төмен тұрған америкалық Томми Полмен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, жүлде қоры 1,7 млн еуродан асатын негізгі турнирге жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Римде Италия ашық чемпионатының жартылай финалына шыға алмағанын, А.Бубликтің Гамбург турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар