Теннис: Тимофей Скатов Нұр-Сұлтан турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов елордада өтіп жатқан Forte Challenger 125 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Т.Скатов бастапқы кездесуін отандасы Дмитрий Попкомен өткізді.

Д.Попко дүниежүзілік рейтингте 183-орында болса, 20 жастағы Т.Скатов 456-сатыда еді.

Бірінші партия барысында қарсыластар брейк алмасумен болды. Дегенмен есеп 4:3 болған мезетте Т.Скатов өз геймін ала білді. Содан кейін бір сағатқа созылған тартысты сетті өз пайдасына шешті.

Тимофей екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Д.Попко таразы басын теңестіргенімен, Т.Скатов қайта алға шықты – 4:2. Ақыры ол екінші матчболын сәтті пайдалана алды – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 53 минутқа созылды.

Т.Скатов ширек финалға шығу үшін рейтингте 171-сатыдағы аустриялық Себастиан Офнермен таласады. Ол бастапқы кездесуінде әлемнің 127-інші, осы доданың 6-ракеткасы, ресейлік Евгений Донскойды 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің рейтингіде 43-орынға көтерілгенін, Нұр-Сұлтан 2 турнирінің қазақстандықтар үшін сәтсіз өтіп жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар