Теннис: Тимофей Скатов Түркиядағы турнирдің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас теннисші Тимофей Скатов Түркиядағы Анталия ITF турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 442-ракеткасы, осы жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген 20 жастағы Т.Скатов алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 867-орында тұрған ресейлік Владимир Королевпен өткізді.

Қазақстандық теннисші 6:2, 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Т.Скатов екінші айналымда швециялық, 17 жасар Лео Боргпен шеберлік байқасты. Мұнда да ол қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен ұтты.

Т.Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 381-інші, осы доданың 3-ракеткасы, аустриялық Александр Эрлермен таласады.

Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев Босния және Герцоговинада өтіп жатқан осындай ITF турнирінде өнер көрсетуде. Ол бастапқы қарсыласы, италиялық Марко Бортолоттиді 7:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Д.Евсеев ширек финалға шығу үшін мажарстандық Петер Файтамен күш сынасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ярослава Шведованың Римде әлемнің бірінші ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар