Теннис: Ярослава Шведова Рим турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова Рим WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 665-орында тұрған Я.Шведова бастапқы кездесуін әлемнің 97-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен өткізді.

Бірінші партияда М.Тревизан бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Есесіне екінші сетте Я.Шведова тай-брейкте қарсыласының меселін қайырды – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші тағы да тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (8:6).

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 35 минутқа созылды.

Я.Шведова жүлде қоры 1,8 млн АҚШ долларынан асатын доданың екінші айналымында әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасады.

Жуырда Мадрид жарысының іріктеу сайысында М.Тревизанды Зарина Дияс та ұтқан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдегі үздік 40 теннисшінің қатарына кіргенін, Римде Юлия Путинцеваның аса тартысты матчта жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ А.Бублик Рим мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады.


Соңғы жаңалықтар