Теннисші Юлия Путинцева Рим турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Рим WTA турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 30-орында тұрған Ю.Путинцева үшінші айналымда отандасы, Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Е.Рыбакинамен кортқа шықты.

Елена биыл 21-ге толса, тәжірибелі қарсыласы 25-те еді.

Бірінші партияда сәттірек ойнаған Е.Рыбакина жеңіске жетті – 6:4.

Екінші сетте Ю.Путинцева брейк жасап, алға шыққанымен, қарсыласы таразы басын теңестіріп үлгерді – 1:1. Бұдан кейін Елена есепті 4:1-ге жеткізді. Есеп 5:3 болып, Е.Рыбакина матчқа доп бергенде, оның қателігін пайдаланған Юлия брейк жасай алды. Сосын есеп тағы теңесті – 5:5. Тай-брейкте Путинцева әбжілдік танытты – 7:6 (7:3).

Үшінші, шешуші партияда Юлия 4:1 есебімен алға кетті. Ақыры ол кездесуді тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Матч барысында Е.Рыбакина көбірек эйс жасағанымен, өз геймі кезінде доп беруде жиі қателесті. Әйтпесе оған жекпе-жекті екінші сетте өз пайдасына аяқтауға болатын еді.

Қос қазақстандық айқасқан тартысты бәсеке 2 сағат 40 минутқа созылды.

Ю.Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің екінші, осы доданың 1-ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен таласады. Ол үшінші айналымда рейтингте 29-орында тұрған Украинаның 20 жастағы жұлдызы Даяна Ястремскаяны 7:5, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Бұдан бұрын Ю.Путинцева US Open турнирінің ширек финалына дейін жеткен болатын.

Еске сала кетейік, Ю.Путинцева мен Е.Рыбакинаның Римде өзара кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар