Теннистен әлемдегі ең ірі жарыстың бірі өтпейтін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індетінің таралуына байланысты жуырда Уимблдон турнирінің болмайтыны жөнінде жария етілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткендей, әлемдегі ең ірі жарыстың бірі 29 маусым мен 12 шілде аралығында өтуі керек еді.

Осы аптада Бүкілағылшындық лаун-теннис клубы директорларының шұғыл кеңесі өтіп, онда турнирдің болмайтыны жөнінде шешім қабылданбақ.

Осылайша, Уимблдон турнирі 1945 жылдан бері бірінші рет өтпей қалайын деп тұр.

Германия теннис федерациясының вице-президенті Дирк Хордорф та жарысты ұйымдастырушылардың 1 сәуір күні ресми мәлімдеме жасайтынын айтты.

«Мен ATP және WTA басшыларымен байланыстамын, олар қажетті шешімді қабылдады. Енді Уимблдонды ұйымдастырушылар турнирдің болмайтыны жөніндегі шешімді жария етпекші. Бұл қазіргідей жағдайда дұрыс та, қажетті деп есептеймін. Коронавирусқа байланысты осындай шектеулер кезінде күллі әлемнен жүздеген мың адам ағылатын мұндай халыралық жарысты өткізу мүмкін емес», - деп келтіреді Д.Хордорфтың сөзін Reuters агенттігі.

Қазіргі таңда барлық теннис турнирлері жазға дейін тоқтатылғаны белгілі.

Уимблдон жарысы – жыл сайын өтетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі. Бұдан бұрын «Ролан Гаррос» турнирі күзге қалдырылған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Токио Олимпиадасының қашан өтетіні белгілі болғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар