Тергеу департаменті қаржы пирамидаларын жарнамалаған эстрада жұлдыздарына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов халықты алдаған қаржы пирамидаларын жарнамалаған эстрада және спорт жұлдыздарының әрекетіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақын арада қаржы пирамидаларының жарнамалық қызметіне қатысқан эстрада жұлдыздарынан жауап алынады. Жалған ақпарат тарату, қаржылық пирамидаларды жарнамалағаны үшін заңнама бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, оны тергеу барысында тексереміз», - деді департамент басшысы.

«Шоу-бизнес жұлдыздары қылмыстық әрекеттерді, қылмыстық ұйымдарды жарнамалап отырғанын нақты білуі тиіс. Бұл ұйымдар біздің азаматтардың ақшасын жымқыру үшін құрылған», - деді С. Әділов.

Еске сала кетсек, ҚР Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидалары мен ломбардтарға алданған қазақстандықтардан арыз-шағымдар әлі де түсіп жатқанын мәлім еткен болатын.

Салымшылардың санын көбейту үшін компаниялар Қазақстан эстрадасының және спорт саласының жұлдыздарын тартып, ауқымды жарнама жүргізген.

«Бүгінге дейін 2 мыңға тарта шағым түсті. Компаниялардың аймақтардағы барлық кеңсесіне тінту жүргізіліп, бірлескен жұмыс туралы келісімдер, бухгалтерлік құжаттар, ноутбук, кеңсе техникасы, зергерлік бұйымдар мен өзге де заттар тәркіленді. Тәркіленген құжаттарға сәйкес компаниялар 42 мың адаммен келісімге келген. Қазіргі есеп бойынша шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңге болып отыр», - делінген ІІМ хабарламасында.



Соңғы жаңалықтар