Тоқаев қос азаматтығы бар мемқызметшілерге қатысты: Бұған жол беруге болмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерге жазаны қатаңдату қажет сияқты. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салынған көптеген елдердің тобына кіреді. Тиісті норма Конституциямызда да бар. Дегенмен, соңғы уақытта тіпті мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтықтың бар екендігі туралы фактілерді жиі тіркеп жүрміз. Бұған белгілі себептермен жол беруге болмайды. Бұл өте байыпты мәселе. Өйткені, ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты. Мұндай фактілердің жолын кесу қажет», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын лауазымды қызметінен босату туралы тапсырма бергендігін еске салып өтті.

«Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы баяндауды өтінемін. Мұндай заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті мұнан да қатаңдату талап етілетін сияқты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар