Төлеби ауданында селден қираған үйлердің орнына жаңасы салынады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Төлеби ауданында нөсерлі жауын салдарынан су шайған үйлердің орнына жаңасы салынуда. Апатты деп танылған 38 баспана толық сүріліп, бүгінде 28 үйдің іргетасы қаланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайта салынып жатқан үйлердің құрылысымен төтенше жағдайға қатысты құрылған комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев танысып қайтты. Ол мердігерлермен кездесіп, құрылыстың сапалы атқарылуы бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Бүгінде бұл аумақта құрылысшылар бірнеше үйдің қабырғасын қалауға кірісіп кеткен. Ал, су шайған аумақта құрылыс жұмыстарын шілде айына дейін аяқтау жоспарлануда. Бұл жұмыстар аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тұрақты бақылауында.


Айта кетейік, толассыз жауған нөсер жауынның салдарынан Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтерілген болатын. Нәтижесінде 6 елді мекендегі 200-ден астам тұрғын үйлердің ауласына су кірген болатын. Төтенше жағдайдың зардаптарын жою жұмыстары шұғыл түрде қолға алынған. Соның арқасында су шайған 4 көпірге екі тәуліктің ішінде өткелдер орнатылып, 32 шақырым арық-атыз тазартылған. 3,5 мың қаппен арық ернеулерінің деңгейі көтеріліп, 4,2 шақырым қашыртқы қазылды. Қазір аудан тұрғындары үшін ешқандай қауіп жоқ. Жергілікті деңдейдегі төтенше жағдай салдарынан қиындыққа кез болған тұрғындар көп ұзамай баспаналарына қайта оралатын болады.



Соңғы жаңалықтар