Төлеутай Рақымбеков: Әкім сайлауы – эволюциялық дамудың бір сатысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның басқарма төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Төлеутай Рақымбеков ертең әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы сайлайтын бірнеше ауылға жасаған сапарының қорытындысы туралы мәлімет бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен кеше ғана қызметтік іссапардан келдім. Батыстағы облыстарға барып, сондағы ауыл тұрғындарымен кездесіп қайттым. Әрине, ауылдарда проблема деген көп. Ол бәрімізге белгілі. Ауызсу, жол, интернет, білім беру, денсаулық сақтау сапасы қалаға қарағанда өте төмен екенін айтып жатыр. Сол кездесулерде мен ауылдағы ағайынға өз ойымды айттым. Бұл бір жағынан ауыл халқына өз тағырын өзі айқындауға берілген мүмкіндік болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік.

«Бұрын ауылдағы мәселені неге әкімге айтпайсыз дегенде, жоғарыдан тапсырма болмаса, халықтың талабына құлақ аспайтынын алға тартатынсыздар. Ал бұдан былай әкімді өздеріңіз сайлап аласыздар. Енді әкім жұмыс істемей жатса, өзгеден көре алмайсыздар. Өйткені өздеріңіз дауыс бергенсіздер. Оның жұмыс істеуін жай тұрғын ретінде ғана емес, дауыс беруші ретінде талап ете аласыздар», - деп түсіндірдім», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ауылда сайлау өтіп, халықтың саяси белсенділігі оянса, ондағы тіршілік те жанданады.

«Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне өзгеріс енгізу талпынысын ауылға деген қамқорлықтың шынайы қадамы деп қарастыруға да болады. Ал сайлаудан кейін ауылдарда тіршіліктің жақсы немесе жаман жағына өзгеруі нақты сайланған әкімдерге байланысты болады деп есептеймін. Ілгері кеткендері дұрыс таңдау жасағанын түсінсе, жағдайы оңалмаған елді мекендердің халқы сайлауды сәтті өткізген ауылдардан келесі жолы үлгі алатын болады. Өйткені бір әкімді сайлаған соң, бірнеше жыл соның құзырында болу керек деген талап жоқ. Халыққа сайланған әкімнің қызметіне лайықтылығын дауысқа салу құқығы да беріліп отыр», - деген Ұлттық кеңес мүшесі есімізге халықтың «Көш жүре түзеледі» деген мақалын салды.

«Бұл істе әсте асығуға болмайды. Өйткені біздің таңдаған жолымыз революциялық өзгеріс емес, эволюциялық даму», - деді Төлеутай Рақымбеков.


Соңғы жаңалықтар