Төтенше жағдай кезінде Петропавлдағы кәсіпорынның құрғақ таңғы асына сұраныс артты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Радуга» ЖШС құрғақ таңғы асына сұраныс артты. Бұл өнім мұқтаж жандарға арналған азық-түлік пакетіне енген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы «Радуга» ЖШС еліміздегі көпсалалы, ірі кәсіпорындардың бірі. Полимерден күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар, тұрмыстық химия мен гигиеналық заттар және азық-түлік өнімдерін шығарады.

Кәсіпорынның бас технологы Екатерина Асаёноктың айтуынша, зауыттың құрғақ таңғы ас пен жүгері қауызын шығаратын үш желісі бар. Бір ауысымда 10 тонна өнім өндіреді. Құрғақ таңғы асты әзірлеуде 80 адам еңбек етсе, жалпы азық-түлік өндірісінде 250 адам жұмыс істейді. Компания жалпы азық-түлік өнімінің 100 шақты түрін шығарады. Сауда орындарына ай сайын 800 тонна өнім жеткізеді.

«Елдегі төтенше жағдайға және Петропавлдың карантинге жабылуына байланысты жұмыс күні қысқартылып жатыр. Кей қызметкерлеріміз кестеге сай кезекті еңбек демалысына кетті. Қауіпті індеттің таралмауы үшін кәсіпорында бірқатар іс-шара қабылданды. Қызметкерлеріміз маска, қолғаптармен, антисептиктермен қамтылды. Жұмыс орындарында диспенсерлер орнатылған. Зауытқа мамандар дәрігерлердің тексерісінен кейін, зарарсыздандырылып барып кіреді. Цехтар әр екі сағат сайын дезинфекцияланады», - дейді Екатерина Асаёнок.

Компанияның елімізде 10 филиалы жұмыс істейді. Республика бойынша дистрибьюторлық желісі бар. Өнімді шығаруға қажет шикізатты Қазақстаннан бөлек шетелден, соның ішінде Ресейден алады. Россельхознадзордың аумақтық басқармалары жүгері ұнына карантиндік сертификаттарды беруді уақытша тоқтатуына байланысты, әріптес фирмалар шикізатты жеткізе алмай отыр.

«Жүгері ұнынан жасалатын таңғы құрғақ ас елімізде ғана сатылып қоймай, Ресейге де экспортталады. Елдегі төтенше жағдайға байланысты бұл өнімге сұраныс 30% артты. Ол ұзақ сақталады, әрі бұл өнім түрі мұқтаж жандарға берілетін азық-түлік тізіміне енген. Оңтүстік өңірлерден тапсырыстар түсіп жатыр», - дейді кәсіпорынның бас технологы.


Соңғы жаңалықтар