Төтенше жағдай кезінде тәртіпті қамтамасыз еткендерге 150 мың теңге берілді - Ерлан Тұрғымбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңге сыйлықақы берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жоспарына сәйкес, Ішкі істер министрлігі 3 іс-шара бойынша негізгі орындаушы. Бірінші – әскери даярлықты және қамтамасыз етуді арттыру, әскери қызметшілердің моральдық рухын көтеру бойынша шаралар қабылдау. Ең алдымен, Арнайы бөліністердің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарлануда. Жалпы, материалдық базаны нығайту үшін Үкімет резервінен қаржы бөлінген», - деді Е. Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, жеке құрамның әскери рухын көтеру бойынша отанды сүюге, қызметтік міндетке адал болуға тәрбиелеу бойынша іс-шаралар жоспары бар. Қиындыққа шыдау, төзімділік бойынша арнайы тренигтер ұйымдастырылды.

«Ынталандыру, қызметкерлердің еңбегін бағалау тұрақты жүзеге асырылады. Мысалы, төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңге, ал курсанттар мен әскерилерге бағалы сыйлықтар берілді. Жалпы, жеке құрам қауіпсіздікті қамтамасыз етуге толық дайын», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын таныстырылды. Талқылаудан кейін құжат жобасы бекітілді.


Соңғы жаңалықтар