+7 (701) 759 90 19
USD 432.55 EUR 470.83
RUB 5.84 CNY 61.31
Jańalyqtar

Трактор тізгіндеген кейуана: Шынжыр табандының шаңын жұтып еңбек еттік

2020 жылғы 26 қаңтар 18:28
Бөлісіңіз:
Трактор тізгіндеген кейуана: Шынжыр табандының шаңын жұтып еңбек еттік

ҰЛАН. ҚазАқпарат - К-700 тракторын тізгіндеп, жер жыртқан еңбек адамы Қазия Мусина бүгінде 82-ні алқымдаса да, қимылы ширақ, жүрісі сергек. 15 жыл бойы механизатор болып жұмыс істеген әжейдің кезінде трактордың жарылған алып дөңгелегін сақылдаған сары аязда ешкімнің көмегінсіз ауыстырғаны да бар. ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Тарғын ауылында тұратын Қазия апамен әңгімелесіп қайтты.

– Бала күніңізде тракторшы боламын деп ойладыңыз ба?

– 1937 жылдың 2 сәуірінде Ұлан ауданындағы бұрынғы Скалистое, қазіргі Ізғұтты Айтықов ауылында дүние есігін аштым. 1941 жылы сұрапыл соғыстың басталғаны еміс-еміс есімде қалыпты. Әкеміз қолына қару алып, Отан қорғауға кеткенде 1 жастағы сіңілім екеуіміз анамыздың қарамағында қалдық. Құдайға шүкір, әкем соғыстан аман-есен оралды. Ата-анамыз бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді. Төрт жыл Скалистое ауылында, 4 жыл Тарғындағы мектепте оқып, білім нәрімен сусындадым.

Ауылға басқа жақтан келген орыс жігіттері тракторға мініп, жер жыртатын-тұғын. Сол кезде тракторды алғаш рет көрдім. Күні бойы жұмыс істейтін олар кешкісін темір тұлпарды өшіріп, үйлеріне жаяу қайтатын. Ертесінде жұмысшылар тракторды оталдырғанда түтіндіргіштен дөңгелек болып газ шығып жатады. Сол түтінге қызығып қарайтынмын. Шешем болса өгіз айдаушы болды. Күн сайын жер жыртқан өгіздер жүрмей қойғанда әйел адамдар оны арқасынан соғып айдап отыратын. Жоқшылық белең алған заман ғой, аяғына киетін ештеңе болмағандықтан анам жалаңаяқ өгіздің соңында жүретін. Мұны көрген мен ішімнен «Өскенде тракторшы боламын. Өгізге аяғымды бастырмаймын» дедім. Сол кездер әлі күнге дейін көз алдымда.

Сөйтіп, 1963 жылы Тайынтыда механизатордың курсын 6 айда тәмәмдап, тракторшы куәлігін қолыма алдым. Тәжірибеден өткенде мені трактордың сүйретпе соқасына отырғызып қойды. Тасы бар дөңге келгенде соқаны көтеріп, ойқылды жерде түсіріп отырдым. Күн демей, түн демей шынжыр табанды трактордың шаңын жұтып еңбек еттік. Кейде түнгі ауысымда жүргенде рульде отырған жүргізуші ұйықтап кететін. Осындай сәттерде мен терезеге топырақ шашып, оны оятып жіберетінмін. Сол жылдары күйеуім мен 4 балам бар-тұғын. Жұмыспен бірге үй шаруасын да қатар алып жүрдім.

1976 жылы ауылға облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты хатшысы келген еді. Мен оған «Сізге айтайын деген өтінішім бар еді. Трактор жүргізгім келеді. Қажетті куәлігім бар» деп қолқа салдым. Сөзіме құлақ асқан хатшы көп ұзамай маған су жаңа трактор жіберді. Дт-54 шынжыр табанды тракторға мінгенде қуанышымда шек болмады. Алайда, бөлімше басқарушысының бұйрығымен бірнеше күннен кейін сол тракторды басқа біреуге беріп, маған ескі Дт-75-ті тапсырды. Сол трактордың жүріс бөлігі әбден тозған екен. Бұған қарамастан темір тұлпарды 1 жыл бойы тізгіндедім. Механизаторлардың ішінде жалғыз әйелмін. Тамақ пісіру менің мойнымда. Кейбіреулер мені жақтыртпай «Ерлердің жұмысында несі бар. Тыныш қана-ақ үйінде отырмай ма» дейтін. Бірақ олардың сөзіне мән бермейтінмін. Себебі осы саланы өзімнің жүрек қалауыммен таңдадым.

Араға біршама уақыт салып күзгі астықта облыстық партия комитетінің хатшысы қайтадан ауылымызға табан тіреді. Мені көзі шалған ол жұмысым жайлы сұрады. Оған «Сіз берген жаңа тракторды менен алып қойды» деп жауап бердім. Бірден бөлімше басқарушысын алдына шақырған хатшы оған жұдырығын түйіп, зекіп ұрысты. Сөйтіп жаңа тракторды өзіме қайтарып берді.

– Сізден басқа тракторшы әйелдер болды ма?

– Иә, болды. Бірақ олар ауыр жұмысқа шыдамай бірнеше ай ғана істеп, басқа салаға ауысып кететін. Мен өзім 15 жыл 2 ай трактор айдадым. Жұмысты беріліп істеген адам қиындығын аңғармайды екен.

– Күйеуіңіз механизатор болып жұмыс істегеніңізге қарсы болмады ма?

– Әуел баста ол кісі қарсылық танытты, әрине. «Балаларды қайтесің. Өзіңе лайық жұмыс істе. Денсаулығыңды неге ойламайсың?!» деп реніш білдірді. Бірақ мен үй шаруасына да үлгеріп жүрдім. Тамақ пісіріп, бала-шағаның мектепке киетін киімдерін жуып, сиыр сауып, май шайқап, бау-бақша өсірдім. Үй шаруасын тез әрі шапшаң атқаруға әбден төселіп алғанмын. Уақытымның көбі жұмыс басында, трактордың қасында өтті деуге болады.

– Әйел бола тұра 15 жыл тракторшы болып еңбек еттіңіз. Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездесті?

– Трактор тіркемесімен шөп тасығанда қасыма көмекші бермейтін. Тиелген шөпті түсіру деген бір қиямет болатын. Жалғыз өзім тіркемелерді бірінен соң бірін ағытып, шөпті аударып отыратынмын. Жаздың аптап ыстығында қара тер болып еңбек еттік қой. Ол кездері бізде қазіргідей дәрі-дәрмек қобдишасы да жоқ. Бір жеріңді жаралап алсаң жұмыстың аяғына дейін шыдауға тура келеді.

Бір күні кеңшардың бас инженері Қамаш Құнанбаев маған «К-700 тракторының оқуына барасың ба?» деді. Бірден келісімімді беріп, 3 ай Таврияда курста оқыдым. Сынақтан сүрінбей өтіп, куәлікті қолыма алып ауылға келдім. Сол кезде маған К-700А маркалы тракторды бірден сеніп тапсырды. Бұл техника жүрген кезде қатты ысқыратын.

Бірнеше айдан кейін Мәскеуде өткен КПСС-тің XXVI-ші съезіне делагат болып қатыстым. Сол жерде Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Александр Протозановпен жүздесіп, сөйлестік. Білдей бір облыс басшысы менен «қандай да бір көмек қажет пе?» деп сұрады. Мүмкіндікті пайдаланып «Қазіргі қолымдағы К-700А тракторы жүрген кезде қатты дыбыс шығарады. Маған К-700А-1-ді берсеңіз жақсы болар еді» дедім. Александр Константинович бірден бір нөмірді теріп, «3 күннің ішінде «Обухов» кеңшарындағы Мусинаға К-700А-1 тракторын жіберіңдер» деп бұйрық берді. «Жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, бірінші хатшыға ризашылығымды білдірдім. Сөйтіп екі күн өткеннен кейін біздің өңірге мен өтініп сұраған темір тұлпар да келіп жетті. Вагоннан түсіріп, Тарғынға өзім айдап келгенде бәрі қуана да қызыға да қарап, қолымнан қысып шын көңілмен құттықтап жатты.

Көктемгі жер жырту кезінде де жалғыз өзім еңбек еттім. Қара жердің қойнауы толған тас. Бір жерден екінші межелі жерге жеткенше сегіз басты соқаның 3-4 жүзі сынып қалады. Соны қайтадан салып, ұштары қисайып қалғандарын зілбалғамен соққылап түзетуге тура келетін. Қазір жасым келген шақта қол-аяқтың сырқырап ауыратыны содан ба деймін.

Көлік сынбай тұрмайды. Бұл жағдайда қалай болды?

– Болды ғой, әрине. Бірде ауылдан Өскемен қаласындағы кірпіш зауытына К-700-бен жолға шықтым. 30 градус аязда Пермитин көшесінде бұрынғы «Коммунизм туы» газетінің редакциясы орналасқан жерден өтіп бара жатқанда оң жақ дөңгелегім жарылды. 12 тонна салмақты көтеретін домкратты трактордың дөңгелегінің астына қойып, дискіні шығардым. Қыздырғыш лампамен ара-тұра қолымды жылытып қоямын. Сондайда қасымнан өтіп бара жатқан жүргізушілер көмектескеннің орнына бастарын шайқап өте шықты. Әйтеуір ілдебайлап жүріп, покрышкадан зілдей камераны 1 жарым сағатта шығардым. Енді жаңа камераны покрышканың ішіне салып, сосокты орнына келтіру керек. Мұны 4 жарым сағатта істеп, компрессормен үрледім. Осылайша таңертеңгі 9-да жарылған дөңгелекті түс ауа әзер ауыстырып біттім.

– Ер азаматқа тән кәсіпті игергеніңізге өкінбейсіз бе?

– Олай деп айта алмаймын. Осындай тауқыметі ауыр кәсіпке атақ қуайын деп келгенім жоқ. Бала-шағамның қарны тоқ, көйлегі көк болсын деп дамыл көрмей тер төктім. Оған қоса, әкеме берген сертім бар-тұғын. Бір күні әкем дүкен иесіне шөмеле салуға көмекке кетті. Жұмыс барысында шақшасын жоғалтып алған бір еркек әкеме «насыбай шақшамды ұрладың!» деп тиіскен. Сөзден сөз шығып, сол жерде жанжал туындайды. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан әлгі кісі әкеме «Сенің ұлың жоқ. Өлсең күлің шашылып қалады. Қызың бір жігіттің құшағында кетеді. Кәртейгенде сопа басың жалғыз қаласың» деп кемсітіпті. Мұны естіген әкем көзіне жас алып үйге келді. Ол кезде мен 12 жастамын. Әкемді құшақтап, бетінен сүйіп «Әкешім, уайымдамашы. Көресіз, әлі қызыңмен мақтанатын боласыз!» дедім. Осы уәдемде тұрдым деп ойлаймын.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Талғатжан Мұхаметбекұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT