Тұңғыш Президент күні: Елордада 419 отбасы баспаналы болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтанда ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында үй кезегінде тұрған елордалық отбасыларға жалдамалы пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа баспаналы болып жатқан азаматтармен сөйлесіп жатсам, арасында 13-14 жыл үй кезегінде тұрғандар бар екен. Бұл көпжылдық еңбек пен сабырдың нәтижесі деген сөз. Елбасы, елорданың негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «кішкене сабыр етіп шыдаңыздар әлеуметтік жағдай түзеледі» деген. Міне бүгінде Елбасы айтқанындай еліміз қарқындап дамуда. Бүгінгі қоныс тойы соның бір көрінісі. Тұңғыш Президент елорданы Астанаға көшіргенде осы жердің бәрі дархан дала-тұғын. Ал қазір зәулім ғимараттар бой көтерген әсем қалаға айналып отыр. Қалада халық саны өскен сайын, тұрғын үйге деген сұраныста артуда. Сол үшін де жыл санап түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында қолжетімді баспанаға ие болу мүмкіндігі кеңеюде. Бүгінгі пәтер кілтін алып жатқандардың арасында түрлі әлеуметтік сала өкілдері бар.» - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Әкім қоныс тойымен құттықтай отырып, көктемде бұл жерге абаттандыру жұмыстары қолға алынатынын айтты.

Баспаналы болғандардың қатарында әлеуметтік осал топ санатына жататын және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ҰОС қатысушылары бар.

«Бүгін – біздің отбасымыз үшін ерекше қуанышты күн. Себебі көптен күткен отбасылық арманымыз орындалып жатыр. Еліміздің басшылығына алғысым шексіз. Өзім астанада 1998 жылдан бастап тұрып келемін. Ал үй кезегінде тұрғаныма 10 жыл болды. Өзім 1-ші топтағы мүгедекпін. 4 балам бар, көбісі мектеп жасында. Жолдасым бала күтімімен үйде отыр»,- дейді баспаналы болған Әділхан Жұмабаев.

Жалдап тұру құқығымен берілген көппәтерлі тұрғын үй кешені қалалық әкімдіктің тасырмасы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы елордалықтар жәрдемақы алды. Бұл санатқа жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен адамдар кіреді. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% ретінде анықталады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін әлеуметтік көмек мөлшері 4,5 АЕК немесе 11363 теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар