Тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин халықты жұмыспен қамту шаралары бойынша министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты жұмыспен қамту Үкіметтің маңызды міндеті болып табылады. Пандемияны ескере отырып, кешенді шаралар қабылданды, оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының құралдары күшейтілді, Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылды. Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға назар аударылды. Бірінші тоқсан бойынша «Еңбек» бағдарламасымен 158 мың адам қамтылған. Жыл соңына дейін 1,2 миллион адамға жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетіледі», - деп атап өтті Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, нақты жалақы мөлшері 10 пайызға, яғни 221 мың теңгеге дейін артады деп жоспарланып отыр. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан аспайды.

«Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарында тұрақты жұмыс орындарын құру жұмысының қарқыны жақсы. Өзге өңірлерге де осы бағыттағы жұмысты белсенді жалғастыру керек. Ол үшін барлық құралдар мен қажетті ресурстар бар. «Бастау бизнес» жобасы тиімділігін көрсетті. Биыл 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. «Атамекен» палатасы Еңбек министрлігімен бірлесіп, білім алушылардың санын көбейтсін. «Еңбек» ұлттық жобасы экономика салаларын сапалы бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуі тиіс», - дейді А. Мамин.

Осыған байланысты Үкімет басшысы министрліктерге бірқатар тапсырма берді.

«Бірінші, Еңбек министрлігі 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын Үкіметке енгізсін. Қолдау шараларын нысаналы топтардың проблемалары мен қажеттіліктерін ескере отырып бағыттау керек. Екінші, Ұлттық экономика, Еңбек министрліктері мен әкімдіктер 1 шілдеге дейін жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын әзірлесін. Жұмыспен қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге және тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Үшінші, Еңбек, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері мен өңірлердің әкімдіктері «Еңбек» жобасының іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етсін», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар