Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады – Мемлекет басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өсті. Бұл - жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің ахуалы әркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40 пайызы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат. Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы бұл ұсыныстарды қолдаймын. Дегенмен, нарықтың өз ережесі бар», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес екенін атап өтті.

«Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес, тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді», - деді Қ. Тоқаев.

Еске салсақ, Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтіп жатыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.
Соңғы жаңалықтар