Тұрғындардың радиофобиясы байланыс сапасын арттыруға кедергі – Бағдат Мусин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Байланыс сапасын жақсарту мақсатында биыл Нұр-Сұлтан қаласында 37 базалық станса орнатылып, 35 станса жөндеуден өтті. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Оның айтуынша, бір-екі тұрғынның шағымына байланысты мамандар үйдің шатырындағы базалық стансаларды алып тастауға мәжбүр.

«Біз үйдегі 99 тұрғынды тыңдап, байланыс сапасын қамтамасыз етуіміз керек пе, әлде радиофобиясы бар бір тұрғынды тыңдауымыз керек пе? Базалық станса оның денсаулығына зиян келтіреді деп ойлайды. Оның отбасында біреу қатерлі ісікке шалдыққан, себебін содан көреді. Сондықтан базалық стансаны бір жерден алып тастап, екінші жерге орналастырып отыруға мәжбүрміз. Әрине, бұл нәтижесіз жұмыс», - деді Бағдат Мусин елордада өткен «Ашық есік күні» шарасы барысында.

Осы орайда министр базалық стансаларға қатысты мәселені заң аясында шешуді ұсынып отыр.

«Бір тұрғынның шағымына құлақ асып, базалық стансаны алып тастау тиімсіз. Меніңше стансаларды алып тастау мәселесін ұжымдық талқыға салу керек. Биыл бірінші тоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында 37 базалық станса орнатылып, 35 станса жөндеуден өтті», - дейді ол.

Сондай-ақ аталған жайтқа қатысты сала маманы да пікір білдірді.

«Базалық стансаны орнатпас бұрын байланыс операторлары санэпидемиологиялық мекеменің рұқсатын сұрайды. Яғни стансаның адам денсаулығына зиянды емес екендігі туралы санитарлық норма мен ереже бар. Базалық станса санэпидемиологиялық қызметтің рұқсатынан кейін ғана орнатылады», - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Зүлфия Құдайбергенова.

Оның айтуынша, Қазақстанда байланыс желісі әлемдік тенденцияға сәйкес дамып жатыр.


Соңғы жаңалықтар