Тұрғындары Nur Otan-ға өтініш білдірген ауыл жылу жүйесіне қосылды - Түркістан облысы

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan»-ның баспасөз қызметі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның азаматтар алдында берген уәделерін орындау бойынша нақты атқарылған істермен бөлісуді жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Былтыр ақпан айында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тұрғындарымен кездескен-ді. Кездесуде 300-ден астам отбасы 70-80 жылдары салынған үйлерде инженерлік инфрақұрылымның тозуына байланысты орталық жылудың жоқтығына шағымданып болатын.

«Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында бүгінде еліміздің шалғай аудандарының түйіткілді мәселелерін шешу бойынша партия жүйелі шаралар әзірлеуде. Облыс әкімінің айтуынша, жақын арада бюджетті нақтылау кезінде жылу жүйелерін салу үшін 700 млн. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қазандықтың құрылысына қаражат бөлінген. Ауыл тұрғындары көтерген мәселені шешу «Nur Otan» партиясының бақылауына алынды», – деп атап өткен еді сол кезде Бауыржан Байбек.

Партиялық бақылау қорытындысы бойынша бүгінде Шәуілдір ауылында жылу жүйелерін қайта жаңарту жұмыстары мен қуаты 10450 кВт қазандық құрылысы аяқталды. Соның арқасында 25 көппәтерлі тұрғын үй, 45 бюджеттік және 25 кәсіпкерлік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды.

Сондай-ақ, мұнда жалпы ұзындығы 650 м болатын 2 көшеге орта жөндеу, ұзындығы 870 м болатын 1 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін партияның баспасөз қызметі тұрғындардың «Nur Otan»-ға өтінішінен кейін Шымкенттегі тұтас бір шағын ауданның өмірі қалай өзгергені туралы айтқан болатын. Азат шағын ауданында 4 жылдан астам уақыттан бері электр, газ және сумен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келген еді.

«Партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың мәселелерін шешу, проблемалар туралы ашық айту және оларды жергілікті жерлерде шешуге қол жеткізу бойынша «Nur Otan» партиясының жұмысын жандандыруды тапсырды. Көбінесе аймақтардың тез өсуіне байланысты оларға лайықты инфрақұрылым жасалып үлгермейді. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әртүрлі аудандар тұрғындары арасындағы теңсіздікті жою туралы тапсырмасы бар», - деген Бауыржан Байбек тұрғындарға мәселені партиялық бақылауда ұстауға уәде берген болатын.

Нәтижесінде, бүгінде шағын ауданда барлық электр желілері жүргізілді. Ұзындығы 8,7 км орталық су құбыры желілерінің және 10 км газ құбырының құрылысы аяқталды. Ішкі жолдарға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Маусым айының соңына дейін абоненттерді орталық су құбырына қосуды және ауыз су беруді қамтамасыз ету, 1 тамызға дейін автоматты газ тарату станциясының құрылысын аяқтап, газ беру, ал 1 қыркүйекке дейін ішкі жолдардың асфальт жабынының екінші қабатын салу жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар