Түрік ғалымының Елбасы туралы кітабының тұсауы кесілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы» атты арнайы шара өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынды Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Халқы ассамблеясымен бірлесіп өткізіп отыр. Шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, еліміздегі бірқатар елдің елшілері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депуттары, дипломатиялық миссия, ғылыми мекемелер мен білім ордаларының басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Көптеген елдерге қарасақ, белгілі бір кезеңдер өрлеу де, құлдырау да барын тарихтан көреміз. Әр мемлекеттің болашағы білікті көшбасшысына тікелей байланысты. Бұл тұрғыда Қазақстан бақытты мемлекет. Кеңес одағы ыдыраған 1991 жылы республикалар өз күндерін өздері көре бастады. Елбасы экономист, саясаткер, мәдениеттанушы, рухани басшы есебінде барлық жүкті қатар көтере білді. Көрші мемлекеттермен салыстырсақ, біздің елдің көп жетістікке жетуін – тарихи факт деп айтуға болады», - деді жиын барысында Жансейіт Түймебаев.

Басқосуда белгілі түркиялық публицист, профессор Куршад Зорлуның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен лидерлік қырын терең зерделеген «Назарбаев көшбасшылығы: Ұлы Даланың өрлеуі» атты кітабының тұсауы кесілді.

«Қазақстан мен Түркия елінің «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген ортақ сөзі бар. Сондықтан, жаңа дәуірдің жүйесі Қазақстан мен Түркияның бір-бірімен тығыз байланысып, жақындасуын талап етеді. Түрік жұрты сіздердің қысқа уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріңізге сүйсіне қарайды. Қысқа уақыт ішінде дамыған елдердің қатарына басқандарыңызды мақтан тұтуда. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Түркияда қазақ тілінде сөйлейтін адамдар көбейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі таңда бүкіл түрік халқы біледі. Біз Қазақстанның дамуын – Ұлы даланың өркендеуі деп білеміз», - деді Куршад Зорлу.

Автор кітапты жазып шығуға 10 жылға жуық уақыты кеткенін айтып өтті. Тың туынды 5 мың данамен жарыққа шығып отыр.

«Кітапты жазуға Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еңбектерін пайдаландым. Өзім саясаттанушы ғалым болсам да, бұл кітапты жазу оңайға түскен жоқ. Дегенмен ойға алған дүние өмірге келді. Алғашқы нұсқасы қазақ тілінде жарық көрді. Алдағы уақытта өзге тілдерде де басылып шығады», - дейді автор.

Соңғы жаңалықтар