Түрік кәсіпкерлері Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция құюды жоспарлауда

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Түркияға ресми сапарының екінші күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ыстанбұл қаласында болып, түрік іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ-нен мәлім еткендей, «Koc Holding», «Yildirim Holding», «TAV Holding», «Calik Holding», «Kibar Holding», «Atabay» және «Goknur Gida» атты 7 жетекші түрік холдингтерінің басшыларымен өткен келіссөздерде азық-түлік өнеркәсібі, машина жасау, тау-кен металлургия саласы, инфрақұрылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, химия өнеркәсібі және фармацевтика салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

СІМ басшысы Қазақстан Түркиямен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға зор мән беретінін мәлімдеді. «Біз түрік инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жоба мемлекетіміздің дамуы мен Қазақстан-Түркия стратегиялық серіктестігін одан әрі кеңейту үшін ерекше маңызға ие», - деді М.Тілеуберді.

Өз кезегінде Түркияның жетекші холдингтерінің басшылары Қазақстан олар үшін инвестициялық тартымды мемлекет екенін атап өтіп, елімізде өз жобаларын іске асыру үшін нақты ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, бұл ұсыныстар инвестициялық преференциялар түрлерін ұлғайтуды, инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын одан әрі жетілдіруді, кадрлар даярлауды және басқа да маңызды бағыттарды қамтыды.

Аталған холдингтердің орта мерзімді перспективада Қазақстанға салуға жоспарланған инвестицияларының көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асады.

«Сонымен қатар, М.Тілеуберді биыл Қазақстанда 10 жаңа өндірісті іске қосуды жоспарлаған түрік компанияларымен жұмыс таңғы асын өткізді. Түрік кәсіпкерлері машина жасау, медициналық бұйымдар, тамақ өнеркәсібі, инфрақұрылым, тау-кен өнеркәсібі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Түрік компанияларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, бизнес жүргізуді одан әрі жақсарту бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы толық ақпарат, сондай-ақ экспорттық қолдау, жекешелендіру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберіндегі неғұрлым перспективалы салалар туралы ақпарат ұсынылды. Бизнесмендер Қазақстан Үкіметінің инвесторларды қолдау аясындағы қызметін жоғары бағалап, көрсеткен қолғабысы үшін алғыстарын білдірді», - деді ҚР СІМ-нен.

Сондай-ақ, М.Тілеуберді Түркі кеңесі хатшылығының жаңа кеңсесіне барып, осы Ұйымның Бас хатшысы Бағдад Әміреевпен үстіміздегі жылғы 31 наурызда Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитіне дайындық барысын талқылады.

Сапар соңында ҚР СІМ басшысы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайға арналған бюсттің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ оның есімі берілген мектепке барды. Салтанатқа Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоглу, осы мектеп орналасқан және қазақ диаспорасы жинақы мекендейтін Зейтінбурну ауданының мэрі Омер Арыс қатысты.


Соңғы жаңалықтар