Түрік күйшілері қазақ күйлерін бағлама мен тарда орындап, халқымызды Домбыра күнімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық Домбыра күнімен қазақ халқын Анадолы еліндегі ағайын құттықтап жатыр. Юсуф Алтын мен Хусейн Кайнак атты түркиялық музыканттар қазақтың күйлерін түрік және әзербайжанның ұлттық аспаптары – бағлама мен тарда шертіп, атажұртына үлкен сәлемін, ыстық ықыласын жолдады.

Юсуф Алтын мен Хусейн Кайнак жақында Семейдегі Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Домбыра күніне арналған домбырашылар сайысына қатысқан екен. «Құлақтан кіріп бойды алар» тақырыбындағы халықаралық онлайн-сайысты Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония ұйымдастырған.

«Адай» күйі мені ерекше рухтандырады

28 жастағы Юсуф Алтын Ардахан қаласының Ардахан Университетінің оқытушысы. Тар аспабынан ұстаздық етеді. Әсіресе «Адай» күйін ерекше ұнататынын айтады. Көроғлы, Бозінген, Көңілашар, Көңіл толқыны, Абайдың Торы жорға күйлері тар аспабына салып, шәкірттеріне де атажұрттың асыл мұрасынан сусындатып жүр.

«Музыкаға алғашқы қадамды ішекті аспаптармен бастадым. Көңіліме көбірек жақыны осы аспаптар. Түрік халық аспабы бағламаны, содан әзербайжанның халық аспаптары тарды және сазды үйрене бастадым. Домбыра күйлерін сүйіп тыңдаймын. Әлбетте домбырам болса үйреніп алатыныма кәміл сенімдімін. Түркияда домбыраның және қазақ күйлерінің танылуына Арсланбек Сұлтанбеков ағамыздың «Домбыра» атты әні зор ықпал етті», - дейді ол.


Жас музыканттың айтуынша түрік елі өзінің халық музыкасын ерекше бағалайды, әрдайым зор құрметпен қарайды. Жас музыкант атадан балаға үзілмей жалғасып келе жатқан ұлттық музыка өнерінің өсіп-өркендей беретініне сенімді.

«Әр сабақ барысында шәкіртеріміздің санасына осы қағиданы құйып отырамыз. Ұлттық музыкамыздың дамуы әрі келешек ұрпақтың білім нәрімен сусындауы - біздің мойнымыздағы парыз деп білемін. Әрине еңбегіміз елеусіз қалмайды. Түрік халқы өз ұлттық музыкасына және орындаушыларына сыйластықпен қарайды», - дейді Юсуф Алтын.



Тармен орындалған «Бозінген» күйі

Юсуф Қазақстанға келіп көрмепті. Әйтсе де аталарынан, әкелерінен түріктердің шыққан жері қазақ жері екенін бала кезден санасына түйіп өскен.

«Ата бабаларымыз заманында Орта Азияның орталығы Түркістаның бауырынан шыққандықтан біз Қазақстанға ерекше құрметпен қараймыз. Тұран бірлігіне күш-қуат беретін екі ел – Түркия мен Қазақстан деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаевты ақсақалымыз деп білеміз. Түрік тарихында ең маңызды тұлғалардың осы қазақтан шыққаны - күллі түрікке мәлім десем артық айтқаным емес. Армандарымның бірі - атажұртымыз Қазақстанға аяқ басып, Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың кесенесін көру», - деп түйді Юсуф Алтын.

Түркі елдерінің ішінде бірінші Қазақстанға барғым келеді

Ал Газиантеп қаласының Газиантеп Университетінің оқытушысы Хусейн Кайнак қазақ пен түрік секілді домбыра мен бағламаның түбі бір екенін айтады.

«Бір атаның ұрпағымыз. Екі ел - бір ұлтпыз. Салтымыз, дәстүріміз, мәдениетіміз бір. Мен «Көроғлы» дастанын өте қатты жақсы көремін, сүйіп тыңдаймын. Әлбетте бұл дастанның түркі әлемінде көптеген нұсқасы бар. Түркияда да танымал. Қазақтың «Көроғлы» күйі жаныма жақын», - дейді ол.


Хусейн Кайнак қазіргі таңда Түркияда ұлттық аспаптарға деген қызығушылық артып келе жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, бұдан 15-20 жыл бұрын көп адам қызықпағанымен, қазір халық музыкасына, халық шығармашылығы мен аспаптарына үлкен бетбұрыс бар.

«Бұған әрине интернеттің, әлеуметтік желілердің ықпалы зор. Әйтсе де біздің Түркияда қазіргі уақытта ұлттық аспап оркестрлері өте кең танымал емес. Әрине тәжірибелер жасалды. Оның ішінде ұлттық аспабымыз бағламаға байланысты ансамбльдер құрылды. Батыс Еуропаның симфониялық оркестрін негізін ала отырып, көптеген тәжірибеден өтті. Оркестрге байланысты бас бағлама және бағламаның микрофон немесе электроникалық көптеген түрі шығарылды. Мен үшін оркестрдің негізі, іргесі болуы керек. Ол өте маңызды. Біз қазір үйлесім бойынша Батыс музыкасының техникасын қолданамыз. Түрік музыкасының үйлесімі – өте терең дүние. Батыс музыкасына қатты ұқсамайды. Сол үшін әлі де мол ізденіс керек. Егер осы ізденістер жемісін беріп жатса біз үлкен жетістікке жеттік деген сенімдеміз», - деді ол.


Бағламамен орындалған Абайдың «Торы жорға» күйі

Қазақстанда Ұлттық Домбыра күні бекітілген кезде Хусейн Кайнак бұл жаңалықты тамсана қабылдағанын айтады. Ұлттық аспапқа осындай құрмет көрсеткені халқымызға шын көңілімен құттықтау жолдады. Біздің мемлекетте, Түркияда кейбір университеттерде Бағлама күні аталып өтеді. Дәстүрімізден айырылып қалмау үшін өз аспабымызды халық арасында таныту – өте маңызды. Қазақ болсын, түрік болсын - бүкіл түрік әлемі аталарынан қалған аманатқа әрқашан құрметпен қараған. Сол себепті аманатқа қиянат жасамай отырған қазақ бауырларымды шын көңілден тағы да құттықтаймын», - дейді ол.

Хусейн Кайнак сонымен бірге Қазақстан мемлекетіне де ерекше ілтипатын білдірді.

«Қазақстанға бармадым. Шынымды айтар болсам, Орта Азияға немесе басқа түбі түрік мемлекеттердің ешқайсысына барып көрмеппін. Әрине тілек қашан да бар. Ең бірінші мүмкіндік болған жағдайда түркі тілдес елдер ішінде Қазақстанға барғым келеді. Біз Орта Азиядағы түрік мемлекеттердің ішіндегі қазақтардың өте дамыған мемлекет ретінде білеміз. Қазіргі Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының біз Еуропа қалаларынан да дамыған инновациялық қала екенінен хабардармыз», - деп түйді Хусейн Кайнак.


Соңғы жаңалықтар